Түркістанда азық-түлікті қымбаттатқандар жазаланады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, облыс орталығы Түркістан қаласындағы «Алтын бұлақ» базарында және Отырар ықшамауданында санитарлық эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жәрмеңке өткізілді.
Аталған жәрмеңкеде халыққа тиімді бағада облыс әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастырумен 14 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері сатылымға шығарылды. Оның ішінде ұнның келісі 130 теңгеден сатылса, қанттың келісі 205 теңге болып белгіленді. Сонымен қатар, картоптың бір келісі 89 теңгеден, бір келі сәбіз 76 теңгеден, пияз 56 теңгеден босатылды. Рожкидің келісі 186 теңге болса, күріштің келісі 245 теңгеден аспады. Ал, ас тұзы 43 теңгеден сатылды.
Облыс әкімдігі тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қолжетімді ету мақсатында, Түркістан қаласының аумағында орналасқан 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі супермаркетте ұнның 130 теңгеден, , қанттың келісі 205 теңгеден, картоптың бір келісі 89 теңгеден, бір келі сәбіз 76 теңгеден, пияздың келісі 56 теңгеден, рожкидің келісі 186 теңгеден, күріштің келісі 245 теңгеден, ас тұзы 43 теңгеден сатылатыны хабарланды. Азық-түлік тауарларының бағасы негізсіз өскен жағдайда, өсуінің себептерін анықтау бойынша облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне тапсырма берілді. Бағаны қолдан өсіргендерге тиісті шаралар қаралған.