Түркістан облысы шетелдік журналистерге таныстырылды
Түркітілдес мемлекеттердің тілшілері Түркістан облысын аралады. Қонақтар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Ясауи кесенесінің маңындағы ботаникалық бақта көшет егіп, үш күн бойы өңірдің тарихи һәм табиғи жерлеріне барып, туристік әлеуетімен танысты.,
Түркітілдес мемлекеттердің тілшілеріне арналған баспасөз туры 20-22 наурыз аралығында өтті. Мажарстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Башқұртстан журналистерін өңірдің көркем табиғаты, бай тарихы мен жарқын мәдениеті, бұрынғы және қазіргі Түркістанды таныстырды. Бұл – аймақтың туристік мүмкіндіктерін арттыру үшін қажет.
Қонақтар Отырар және Қазығұрт аймақтарын, соның ішінде Арыстан Баб кесенесін, Кеме қалғанының монументін, ботаникалық бақты аралады. Олар Қ.А. Яссауи кесенесі мен Ақмешіт үңгірінде болды. Ондағы көне жәдігерлердің архитектуралық ерекшелігі мен тарихи мән-маңызы журналистердің қызығушылығын оятты. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан шаһарының бай тарихымен танысқан баспасөз турының қатысушылары сондай-ақ, Түркістан қаласындағы жаңа көпфункционалды "Керуен Сарай" кешені мен басқа да туристік нысандарды аралады.
Шетелдік журналистер тобы Наурыз тойын Түркістанда тойлады. Түркі елдерінен келген журналистерге ұлттық ойындар мен қазақ халқының тағамдары ұсынылды. Сонымен қатар, БАҚ қызметкерлері "Түркістанның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері"атты халықаралық медиа-форумға қатысты. Осы шара аясында "Түркістан медиафорумы: инвестициялық және туристік мүмкіндіктер"атты роуд-шоу ұйымдастырылды.
Шетелдік журналистер тобы Түркістанның жаңа келбеті таң қалып, киелі Түркістанның заманауи шаһарға айналып, өзінің ежелгі келбетін сақтап қалғанына ерекше қызығушылық танытты. Түркістан облысының таңғажайып табиғаты мен терең тарихына қаныққан қонақтар баспасөз турының жоғары дәрежеде өткендігін айтып, алғыстарын білдірді.