Мүгедектер тегін таксимен жүреді
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қызметкерлері әлеуметтік такси жүргізушілерімен ұдайы кездесу ұйымдастырып, қызметтің сапалылығын қадағалап отырады. Бұл қызметті бүгінде «Кедергісіз келешек» жобасы аясында "Бота-Туркестан" мүгедектер қоғамдық бірлестігі атқаруда. Салаға жауаптылар мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тығыз жұмыс істейтін көлік жүргізушілерін жұмыс кезінде тиісті этикалық талаптарды сақтай отырып, қызмет алушыларға сыпайылық таныту секілді ережелермен таныстырып, семинарлар өткізуді әдетке айналдырған. Жалпы, әлеуметтік таксилер қызметінің сапасы басқарманың ұдайы бақылауында.
Айта кетейік, әлеуметтік такси қызметіне жүріп-тұруы қиын бірінші, екінші топ мүгедектері мен 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар пайдалана алады.Бұл айрықша қызмет еліміздің көптеген өңірлерінде әлі күнге дейін қолға алынбаған. Ал Шымкентте 2008 жылдан бері мүгедек жандарды белгіленген орындарға жеткізу үшін көліктер ұйымдастырылған. Алғашқы жылы небәрі 2 көліктен басталған әлеуметтік такси қызметінде бүгінде 43 көлік қызмет көрсетуде. 2019 жылы 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтан 125 137 өтінімге тапсырыс берілген. Ал өткен жылы 332 мүмкіндігі шектеулі азамат басқармаға осы қызметті алу үшін өтініш берген. Арнайы көліктермен азаматтар жұмыс орнына, оқу орнына, құқық қорғау органдарына, әлеуметтік, медициналық мекемелерге қатынай алады. Онымен қоса, бұл көліктермен мүгедектер әуежайларға, темір жол вокзалдары мен автовокзалдарға да бара алады.