Президенттің тапсырмасы Түркістанда басталып, облыстарда жалғасты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасымен «Таза табиғат» экологиялық жобасы Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістаннан бастау алды. «Мекенім – жасыл елім» акциясына 60 мың адам ат салысып, 486 мың түп ағаш отырғызылды. Оқушылардың «Менің ағашым» челленджіне 31 мың адам қатысып, 39 мың көшет егілді.
Елімізде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. Жалпыұлттық жоба Түркістан қаласында бастау алып, Қазақстанның өзге де өңірлерінде жалғасты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоршаған орта ахуалын жақсарту бағытында тапсырмалар берді. Жалпыұлттық экологиялық шаралар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында да қарастырылған. Өзге өңірлерде де осындай шаралар ауа райына байланысты сәуірде өтеді, – деді министр Түркістандағы шарадағы сөзінде.
Министр жұмыс сапарымен келген Түркістандағы акция аясында қала іргесінде құрылып жатқан Жасыл белдеуге көп жылдық ағаш көшеттері егілді.
– Облысымыз бойынша 3 млн 131 мың га орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың гектарды құрайды. Түркістан іргесіндегі Жасыл белдеу аумағын келер жылға дейін тағы 3000 гектарға кеңейтіп, толық аяқтау жоспары бар. Ал орман тұқымбақтарын дамыту үшін онда әр жылы 35,0-40,0 млн. әртүрлі ағаш көшеттерін өсіреміз, – деп атап өтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысы әкімдігі мен министрлік бірлесе қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңір аумағында жалпы аумағы 110210 гектарға 170000,0 түп көшет егілмек.