Түркістаннан бастау алған жоба жалпыұлттық дәстүрге айналады
Елімізде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. «Таза табиғат» экологиялық жалпыұлттық жобасы Түркістан халықаралық медиафорумына жиналған түркітілдес елдердің БАҚ өкілдері қатысуымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы Ботаникалық бақта жалғасты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасымен Түркістан жаңа әуежайы жолындағы жеміс бауына өрік егілді. Саябақтар, аллеялар абаттандырылып, сенбілік ұйымдастырылды.
Түркістанда іссапармен жүрген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағаиев «Таза табиғат» акциясының наурыз мерекесінде Түркістанда өткізілуінің ерекше мәні бар екенін және жобаны дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты.
– Түркі әлемінің бесігі болған киелі мекеннің гүлденуі ел абыройын арттырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көркейіп жатқан қалаға келген қонақтардың көзі алдымен айналаның тазалығы мен жасыл желекке түседі. Біз Наурыз мейрамын айналаны көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыруымыз керек. Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлықты арттырады. Қазақстанда экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шаралағға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады, – деді министр.
«Таза табиғат» жобасы шеңберінде жоғарыда аталған барлық өңірде қоқыстан тазарту мақсатындағы «Бірге – Таза Қазақстан» жобасы жалғасын тапты. «Таза су айдындары» акциясы аясында өзен-көлдер жағасы тазартылып, бұлақ көздері, суармалы су арналады аршылды. Ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда «Парктер шеруі» өтті.
Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз мейрамымен құттықтауында «Таза табиғат жобасының маңызын атап өткен болатын.
– Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – табиғатқа етене жақын халық. Ұлыстың Ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қоршаған ортаны таза ұстау – ертеден жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Біз қолға алған «Таза табиғат» жобасының негізгі мақсаты – сол игі шараны жалғастыру, – деді Президент.