Елбасы назарындағы «TURKISTAN» телеарнасы іске қосылды
Ұлыстың Ұлы күні Әз-Наурыз қарсаңында таңғы 7-ден бастап «Turkistan» телеарнасы «Отау ТВ» ұлттық спутниктік желісі және кабельдік желілер арқылы қалың көрерменге жол тартты.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған халықаралық «TURKISTAN» телеарнасы түркітілдес мемлекеттердің ақпарат кеңістігінде үш тілде хабар тарататын арна болмақ.
Телеарна күн сайын өзекті ақпараттар мен қызықты бағдарламалар, телехикаялар мен деректі фильмдер топтамасын назарларыңызға ұсынады. Атап айтқанда, «Salem» таңғы ақпараттық-сауықтық бағдарламасы, «Turkistan times» жаңалықтар топтамасы, «Ғибрат», «Әпсана», «Жан сарайы», «Бетперде» секілді көрерменге берері мол бағдарламалар да өз көрерменін күтеді.
«Turkistan» телеарнасы түркітілдес елдер арасындағы ақпарат алмасу мен бірегей ортақ медиа кеңістік қалыптастыруға алтын көпір болады деген жоспар бар.
«Turkistan» телеарнасы орналасқан «Алатау медиа орталығына» екі жыл бұрын Елбасын арнайы келіп, өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрген еді. Тұңғыш Президент қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап айтқан.
– Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік БАҚ өкілдеріне.