Түркістандықтар жаңа автобуста жолақыны электронды картамен төлейді
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа үлгідегі қоғамдық көліктермен танысты. Ол үшін өңір басшысы жаңадан әкелінген автобусқа мініп, онда орнатылған заманауи жүйенің жұмысын тексеріп көрді. Шаһарға жеткізілген қоғамдық көліктерде жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан көшелеріне жаңа автобустар шықты. SAZ LЕ-60 маркалы 20 жаңа көлікті «ТехПрофАвто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Самарқанд» автомобиль зауытынан арнайы тапсырыспен алдырылған. Жақын күндері тағы осындай 30 автобус әкелінеді деп күтіліп отыр. Жайлы да жаңа автобустар қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасын арттыра түсіретіні аян.
Қоғамдық көліктер әрбірі 25 жолаушыға лайықталған. Желдеткіш пен қолдарбаға арналған пандусы, электронды билет беру және үш бейнебақылау құрылғысымен жасақталған.
Еске сала кетейік, Түркістан қаласында үш жүзге жуық қоғамдық көлік тұрақты 21 бағытта жолаушылар тасымалдайды.
Сонымен қатар, Түркістанда бір үлгіде безендірілген жаңа таксилер жолға шықты. Заңды автотасымадаушылардың санын арттыру арқылы халықтың жүріп тұруы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін елімізде жасалған жаңа да жайлы 20 көлік Уassytaxi брендімен сапалы қызмет көрсетуге дайын.