Арнайы жоба Түркістан облысын жоғары жылдамдықты ғаламтормен қамтиды

Oinet.kz 20-03-2021 497

WhatsApp Image 2021-03-20 at 10.16.51 (1).jpeg

Түркістан облысындағы 264 ауылдың 74-ті жоғары жылдамдықты ғаламтор желісіне қосылмаған. Осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 3 кезеңнен тұратын жоба қолға алынып отыр. Бұл туралы бүгін брифингте Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, өңірімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 8 негізгі бағыттан тұратын бірқатар жобалар жүзеге асуда.

Түркістан қаласында «SMART CITY» бастамаларын іске асыру бойынша «Ақылды қалалар» эталондық стандартына сәйкес Түркістан облысының әкімдігі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, қаланы басқару, қауіпсіздік, көлік, ТКШ және құрылыс салаларын цифрландыру жұмыстарын жолға қойып отыр. Бұл жұмыстар 2019 жылдың екінші жартыжылдығынан басталған болатын. Осындай қысқа уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктер мен нәтижелер бар. Негізгі 48 бастаманың 25-і іске асырылды, 19-ы жұмыс барысында, 4-і жоспарда, – деді Е.Өтебаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жоспардағы жобаның жартысы ғана орындалғанның өзінде жүйе өзінің тиімділігін көрсете бастаған айтты. Мәселен, цифрландырудың нәтижесінде мемлекеттік мекемелерге қаралған қаражаттың 244,5 млн.теңгесі кезең-кезеңімен облыстық бюджетке қайтарылған.

Бұдан басқа, телефон аппараттарының абоненттік төлемдері 1064 теңгеден 350 теңгеге дейін, халықаралық телефон сөйлесулеріне кететін шығындар минутына 39 теңгеден 7 теңгеге дейін төмендетілген. Аудандар, қалалар, облыс әкімдігі мен басқармалар арасында лимитсіз тегін сөйлесулер қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, аудандық және қалалық әкімдіктерге 1 400 заманауи IP-телефондары үнемделген қаржы есебінен орнатылды.

Айта кетейік, түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитіне дайындық шеңберінде делегаттар мен туристердің жүру жолында әуежайдан бастап арнайы брендтелген SIM-карталар берілмек. «Amazing Turkistan» мобильді қосымшасы, объектілерге кедергісіз жүріп-тұруға арналған бірегей бейдж іске қосылады. Сондай-ақ, туристік бағыты бойынша Free WiFi жұмыс істемек.

 


Түркістан облысында 11 мың адам өз еркімен вакцина салдырды
Түркістандықтар жаңа автобуста жолақыны электронды картамен төлейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу