Түркістандықтар сапалы энергия мен табиғи газ тұтынатын болады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша, 2026 жылға қарай өңірдегі елді мекендер сапалы ауыз сумен, табиғи газбен және элетр энергиясымен 100 пайыз қамтылады. Бұл туралы Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков мәлімдеді.
Түркістанда Әкімшілік іскерлік орталығы мен Яссы шағынауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер және мемлекеттік мекеме ғимараттарын үздіксіз ауыз сумен қамту мақсатында құрылысы өткен жылы басталған қуаттылығы 8000 текше метр болатын 2 су қойманы ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ал, «Түркістан-Су» мекемесінің мәліметінше, «Мырғалымсай» су көзінен Еңбекші Дихан ауылындағы екі су қоймасына дейін су құбыры тартылған. Аталған су қоймаларының құрылысы аяқталғаннан кейін қала толығымен сумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, өткен жылы облыс халқын көгілдір отынмен қамту мақсатында 14,1 млрд теңге қаралған. Нәтижесінде табиғи газ тартылған елді мекен саны 423 болып, жалпы өңірдің қамтылу деңгейі 64,4 пайызға жетті. Жоспар бойынша 2026 жылға дейін облыс халқы түгел газбен қамтамасыз етіледі.
Облыстағы жалпы 843 елді мекеннің 827-сі орталықтандырылған электр желісімен қамтылса, 16-сы дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, «Түркістан облысы елді мекендерін сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудің 2020-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» сәйкес, 172 елді мекенді сапалы электр қуатымен толығымен қамту жоспарлануда.