Ордабасы: Көгалдандыру жұмыстары арқылы жұмыссыздықты төмендету жүзеге асырылды
Елбасымыз «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бұл бағытта Ордабасы ауданының жастары белсенді жұмыс атқаруда. Бос уақыттарын тиімді өткізіп, кешенді бағдарламаның жүзеге асуына септігін тигізіп отыр.
Ауданға қарасты Қараспан ауыл округінде «Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша 4413 қара ағаш егілді. 34 рет сенбілік өтті. Тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерге тазалық жөнінде 6 ескерту берілді.
Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты — жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы – жылына қаншама жастарды осы істерге тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету.
Өткен жылдың мамырынан бастап ауыл округіне қарасты 14 ауылда 2300 отбасы мен «Жаса-4» ЖШС жариялық келісімшартпен жұмыс атқаруда.
Сондай-ақ, Көлтоған ауылындағы А.Батырханов атындағы көшеге орташа жөндеу жұмысына 35 млн. теңге қаралып толық игерілді. Көлтоған, Мақташы, Қараспан, Ақпан елді мекендеріндегі көшелерге тас төселді. Мақташы елді мекенінде көше жарығына 12 млн. теңге қаралып, толық игерілді. Көлтоған елді мекеніндегі Е.Ерназаров мектебінің тұсынан Арыс-Шымкент жол бойына бағдаршам қойылды.