Өмірзақ Шөкеев «Халық алғысы» медальдарын табыс етті
Түркістан облысында республика көлемінде «Біз біргеміз» онлайн-форумы және коронавирусқа қарсы күресте қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматтарға «Халық алғысы» медалімен марапаттау рәсімі өткізілді. Ел рухын көтеріп, ел азаматтарына қанат бітірген іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, мазмұнды ой қозғады.
«Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай мен «Халық алғысы» атты арнайы медальді тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз. Барша Қазақстан азаматына амандық, игілік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз. Себебі, біз біргеміз!», – деді Мемлекет басшысы.
Онлайн-форум аясында еліміздің барлық өңірлерінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау саласының өкілдері, меценаттар, журналистер, волонтерлер және жалпы пандемиямен күресте ерекше көзге түскен барша саланың өкілдері марапатталды.
Түркістан облысында 9 азаматты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы марапаттап, ел мүддесі жолындағы еңбектеріне ел атынан алғыс айтты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сіздер қауіпті індетке қарсы күресте адал қызмет етіп жүрсіздер. Президентіміз еңбектеріңізді бағалап, арнайы құрмет көрсетіп отыр. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Бұл қиындықты да бірге еңсереміз», – деді облыс әкімі.
Жалпы Түркістан облысынан 140-тан астам азамат осы марапатқа ұсынылды. Алдағы уақытта аудан, қалаларда еңбегімен ел алғысын алған осы азаматтарға да «Халық алғысы» медалі тапсырылатын болады. Марапатты аудан, қала әкімдері мен мекеме басшылары тапсырады деп жоспарланған.
Онлайн-форумда өңірлерден азаматтар өз ойларын білдіріп, қауіпті індетті бірлікпен, қатаң тәртіппен жеңуге болатынын айтты. Тұтас Қазақстан біріксе, бұл қиыншылық та артта қалатыны анық. Біз біргеміз!