Ауыл әкімдеріне арнап семинар өтті
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев Елбасының 2025 жылға дейін еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы үйіргелік және қосалқы шаруашылық жерлеріне израильдік технология бойынша тамшылатып суғару әдісін ендірудің, сол арқылы шаруашылық жерлерден жылына 2-3 рет өнім алудың мүмкіндігін айтқан болатын.
Түркістан облысы бойынша Сайрам ауданы алғашқылардың бірі болып үйіргелік жерлерді тиімді пайдалануды қолға алды. Қолға алып ғана қоймай, шығындарын есептеп, әр соттыққа жалпы қанша қаражат жұмсалатынын тәжірибеден өткізіп, бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатындарға осы әдіспен грант беру мүмкіндігі туралы семинар-кеңес өткізді. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әуелі Көлкент ауылдық округінде 3 отбасы, содан кейін Арыс ауылдық округіндегі екі отбасы мемлекет қолдауымен израильдік әдісті қолдануға ықылас білдіріп отыр.
Бүгін аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков және 11 ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі семинар-кеңес өткізді. Бөлім басшысы Нұрпапа Көпеев тамшылатып суғару әдісін ендірудің тиімділігі туралы жан-жақты зерттелген жұмысын баяндады.
Содан кейін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрлан Сарыбеков грант беру тәртібін түсіндірді. Ал үйіргелік жерлерге тамшылатып суғару әдісі арқылы табыс тауып, бизеніс бастаушыларды онлайн режимде оқыту туралы Кәсіпкерлер палатасы Сайрам аудандық филиалының директоры Б.Сыздықов айтып өтті.
Ауылдық округ әкімдері тақырып аясында сұрақтарына жауап алып, тамшылатып суғару әдісін ендіру арқылы үйдің ауласындағы шағын жерден де табыс табу мүмкіндіктеріне қызығушылық білдіріп, ауыл тұрғындарына хабарды жеткізуге асықты.