Түркістанда «Алаш рухты азамат» кітабының тұсауы кесілді

Oinet.kz 10-12-2022 484

image.png

Тарихты тасқа басқан талай таңбалар көмескіленсе де, мүк қабаққа қонған талай зердің жүзін жауын мен күн мүжіп кетсе де, адам деген ұлы жаратылыстың соңында қалтырған ізгілікті ізі сақталады екен. Қалың ел өзі сүйген перзентін ғасыр жөңкісе де жадында тұтып қалады екен. Туғанына аттай 100 жыл толған бірегей тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров бұл ойымыздың алтын айғағындай.

 Жақында Түркістан төріндегі «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай жарық көрген «Алаш рухты азамат» атты естеліктер жинағының тұсаукесері өтті.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің 35 жылдығына орай және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Тіл шеруі» аясында ұрпақтар арасындағы сабақтастықты қалыптастыру мақсатында өткен «Тарихтан аманат – ұрпаққа ұлағат» атты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан облысының құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлұлы, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Бекет Тұрғараев, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, экология саласының үздігі Жеңісбек Тұрғанов, еңбек ардагері Сексенбай Тұрысбеков, «Қызмет» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Өркен Балажанов, облыста еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер, Академияның және оның өңірлердегі Филиалдарының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері және «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәлім алып жүрген студенттер қатысты. Сондай-ақ Zoom платформасы арқылы елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып жатқан білімгерлер де шараны тамашалады.

Шара барысында Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай арнайы дайындалған «Алаштың Асанбайы» бейнефильмі көрсетілді. Қатысушы спикерлер қоғам қайраткері жайында, сонымен қатар мемлекеттік басқару туралы сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды. Содан соң аталмыш кітаптың тұсауы кесіліп, ардагерлерге үлестірілді.  Көлемі 16 баспа табақ болатын жинаққа қазақ халқының біртуар перзентімен қызметтес болғандар, шәкірттері, рухтас інілері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің жылы естеліктері топтастырылған. Одан бөлек, кеше ғана дүниеден озған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың "Асқаровтың аққайыңдары" атты пьесасы және дара тұлғаның қуғынға ұшырап, тар қапаста жатып аяулы жары – Фатима Ғалиқызымен, балаларымен және тілеулес жандармен жазысқан хаттары,  Жеңіс Мәуленқұловтың «Алыптар аласармайды» естелігі секілді 20-ға жуық автордың еңбектері еніп отыр. Жобаға жетекшілік еткен – Жеңісбек Мәуленқұлов, кітаптың бас редактор-құрастырушысы – Бейсенкүл Нарымбетова.

Асанбай Асқарұлы Асқаров 1922 жылы 15 қыркүйекте  Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Тәтті ауылында дүниеге келген. Орта ғана шаруасы бар әкесі Асқар 1930 жылы қайтыс болды. Асекеңнің атасы Асылбек би болған, ол 1916 жылы Ақкөз батыр бастаған көтеріліске қатысқан.

А.А. Асқаров мектептен кейін, Фрунзедегі педогогикалық училищені 1939 жылы бітіріп, мектепте орыс тілі мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.

1942-1946 жылдары әскери міндетін өтеді, полк мектебінде саяси училищиде оқыды. Полковник. Әскерден оралған соң (1946) Мерке аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық компартиясының бюро мүшесі болған. 1951-1954 жылдары  Мәскеу қаласының Орталық Комитетінің КОКП-сының жоғары партиялық мектебінде тыңдаушы, 1954-1958 жылдары  Жамбыл облысындағы  Красногорск және Мерке аудандарының партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1958-1959 жылдары Жамбыл облыстық  кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1959-1965 жылдары Жамбыл облысының облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1965-1978 жылдары Алматы облыстық обком партиясының бірінші хатшысы болған және Қазақстан  Орталық комитеті Коммунистік партиясының бюро мүшесі қызметін атқарған.

1978-1985 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. Ол Жоғарғы партия мектебін және кандидаттық диссертациясын өте жоғары бағамен қорғаған.

Көп жылдар КОКП және Қазақстан КП-сының Орталық Комитетінің мүщесі, КСРО және Қазақстан КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, Жамбыл, Алматы  және Шымкент облыстық партия комитеттерінің бюро мүшесі, сол облыстардың атқару комитеттерінің депутаты болып сайланды.

Асанбай Асқарұлының көп жылдардағы Кеңес Үкіметі мен халқына, коммунистік партияға сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, оған Социалистік Еңбек Ері атағы (1982)  берілді. Асекең 5 рет Ленин орденімен, көптеген медальдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетін Колбин басқарған кезде, одан кейін де Асекеңнің басына ауыр күндер туып, төт жылдан аса уақыт қамауда болды. Асқаровқа тағылған жала 80-жылдары белең алған қазақ зиялыларын қуғындаудың құрамдас бөлігі еді. Тергеу кезінде оған Желтоқсан көтерілісін (1986) ұйымдастыруға қатыстылығы, ұлтшылдығы сияқты «кінәләр» тағылды. А. Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.

А.А. Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология Ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Асанбай Асқарұлы Асқаров – «Тағдыр» (1991), «Жұмақ пен тозақ жырлары» (1992), «Көзқарас» (1997), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) және көптеген кітаптардың авторы. А. Асқарұлы 2001 жылдың 13 тамызында дүниеден озды.

«Біздің кешегі тарихтан өткен үлкен тұлғаларымыздың үлгі-өнегесін, жұмыс істеу тәсілін, халыққа қалай қызмет етті, осыны бір бағыт жасап, бұның өзін бір басқару жүйесі ретінде келешек ұрпақтың бойына сіңіре отырып, біз кімбіз деген сұрақтарына жауап алатын үлкен бағыт деп ойлаймын. Оның қасиетін, қадірін, еңбекке деген, халқына деген, мемлекетіне деген іс-тіршілігінің бәрі айтылады»,- дейді Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов. 

Асанбай Асқаров тек талантты басшы емес, ақын, зерттеуші, өз ұлтын сүйген азамат болған. Оның «Тағдыр», «Жұмақ пен то­зақ жырлары» жыр жинақтары, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтін артымда сөзім қалса» атты өсиет кітаптары жарық көрген.(

Қазақ тарихында Алаш арыстарының жолы үзілген емес. Тіпті кеңестік дәуірдің өзінде елді басқарған  Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтан бастап, Жұмабек Ташенов, Өзбекәлі Жәнібеков сынды республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған алаш рухты азаматтардың басқару менеджменті болды. Осы аталған тұлғалармен үзеңгілес еңбек еткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың мағыналы өмірі, адал жолы, басшылық жасаудағы қалыптастырған мектебі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені анық. 

Өзінің адалдығымен, биік пайым-парасатымен ел есінде қалған қайраткерді халқы қашанда ұлықтай бермек. Қандай заман болса да, қанша уақыт өтсе де алыптар аласармайды. Олардың асқақ тұлғасы биіктей береді.








Түркістан төрінде Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыра» иегері атанды
Түлкібаста Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы аталып өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу