Шындықтың термесін шерте білген Шераға
Қазақ әдебиетінде, әсіресе, әдебиет әлеміндегі қазақ журналистикасындағы Мұртазаның алар орны еңсесі биік мұнара тәріздес. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университеті Филология факультетінің студенті Ұлдана Оразалының шығармасын ұсынамыз.
"Өмір бойы қазақтың қамы үшін,алаштың абыройы үшін дамылсыз еңбек еткен – Шерхан Мұртаза. Қазақ әдебиетінде, әсіресе, әдебиет әлеміндегі қазақ журналистикасындағы Мұртазаның алар орны еңсесі биік мұнара тәріздес. Өз басына түсер күнді емес, ел басына түсер күнді ойлап, шындық үшін алып-ұшып шырылдаған шерлі мұңды Шераға туралы «Шерхан Мұртаза шындықтың шырақшысы еді»-дейді, Нұрлан Оразалин. Иә, ол расымен де шепті бұзып, шер қозғаған. Халық оның әр сөзінен отты, жалынды шындықты асыға күткен. Әр жазушы өзі өмір сүрген, көзбен көрген кезінің куәгері болып қана қоймай, шындығын, тарихын әдебиет сахнасына әкелу үшін жан аямай тырысады. Осы жолда Шерхан Мұртазаның да ақсап қалмағаның сөзге тиек етпегенім қателік болар. Расында, Тұрар Рысқұловтай ел қаһарманы бола білген азаматты таныту арқылы қазақ әдебиетіне «Қызыл жебе» атты тұғыры биік туынды әкелді. Шығарманы жазу арқылы сол кезеңдегі халық басына түскен кеселді, қарама-қайшылықтарды, ауыр уақытты қиындығына қарамай шынайы суреттей алды.
Ал, проза саласында қалай болды?
Қаламгердің бояуынан тамған әр туыныдысы оның көрнекті жазушы екендігін айқындай түсті. Әңгіме, роман, драма, қара сөз болсын тек шоқтығы биік туындыларымен оқырманды таңғалдыра білді. Себебі оның шығармаларынан теңіз түбіндегі тұңғиықтай ойдың тереңде жатқандығын аңғаруға болатын еді. Шындықты зілмен де, зілсіз де жеткізе білген жазушыға әдебиттен алар орын қашанда дайын тұрады. Оның есімі халық жадында жарты ғасырдан бері сақталса да, еш есірмей Шерхан атты шоқ жұлдыз болып жарқырауда.
«Айналасы жұп-жұмыр тегіс келген» әңгімелерінің ішінен «Тәуекел той» әңгімесі әдебиетіміздің алтын қорына қосылатын идеялық-көркемдік деңгейі жоғары шығарма. Бұл әңгіме ә дегенде болмайтын ұсақ-түйек оқиғаға құрылғандай болып көрінеді. Аталмыш шығармада қаламгер портреттік детальдар арқылы қорашаған ортаны, адамдар психологиясын, тұрмыстық ерекшеліктерді ашып, дамыта түседі. Қазіргі замандағы ысырапшылдық сатираға толы болып көрініс табады. Шағын әңгіменің сюжеті адам бойындағы қанағатсыздықты, жағымпаздықты, даңғойлықты, аңғалдықты әшкере етуге негізделген. Керімқұл – ағайын-туысын жинап,той шығынын қонақтар әкелген сый арқылы өтеп аларына сенімді болған жиынтық кейіпкер. Дүниеқоңыздылыққа салынып, елден үміттеніп, адам баласының сөзін елемей тәуекелге барады. «Тәуекел той» әңгімесінің аты айтып тұрғандай, туындыға қазіргі заманда дәстүрлі той емес бәсекелестікке айналған тойдың қазаны қайнап тұрғандығы арқау болады. Бүгінгі күнгі тойларда сол даңқ пен дақпырт, бәсекелестік әбден адамдардың етіне сіңіп тегінде ысырапшылдыққа апарып жатқандығы елеусіз қалуда. Өзгеден асып түсу немесе жұрттан қалып кетпеу есебінде жасалып жатқан тойдан кейін қарызға белшесінен бату, салғырттыққа салыну бүгінгі күннің ащы шындығы".