Шерхан Мұртазаның «Сояу» повесіндегі өмір шындығы және көркемдік шешім
Шерхан Мұртаза – әдебиеттің қайсыбір жанрында болмасын өнімді еңбек еткен қарымды қаламгер. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 2-курс студенті Данабек Муратовтың шығармасын ұсынамыз.
"Әдебиетке 60-жылдары келіп қосылған үлкен шоғырдың қатарында кесек тұлға, кенен дарын, халқымыздың арда туған, болмысы биік тұлғаларымыздың бірі Шерхан Мұртазаның тым бөлек.
Шерхан Мұртаза – әдебиеттің қайсыбір жанрында болмасын өнімді еңбек еткен қарымды қаламгер. Тырнақалды туындысын публицистикадан бастаған Ш.Мұртаза повесть жанрының да идеялық-көркемдік көкжиегін кеңейтіп, қазақ әдебиетіне «Мылтықсыз майдан», «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы» секілді тамаша повестер сыйлады.
Орыстың ұлы жазушысы Л. Н. Толстой: «Жаңа автордың кез-келген көркем шығармасын оқығанда немесе талдағанда, жан сарайымызда ең алдымен: Адам дегеніміз кім? Тылсым құдірет иесі туралы қандай ойлар түйінделеді? Өмір құпиясы жайында не толғамдар айтылады? деген сұрақтар мазалайды. Егер бізге бұрыннан таныс жазушы болса, онда өмірдің қай қырын ашып, қандай жаңа ойлар айтады екен деп ұмтыласың» [1, 22 б.] – дейді.
Осы тұрғыдан алғанда, жазушының прозалық шығармаларының негізгі арқауын замана тынысы, қарапайым адамдардың бейнесі, өмірлік мұраттары құрайды. «Сояу» повесі арқылы қаламгер кестесіндегі көркемдік-идеялық өрнектері сипатын айтпағанда, кейіпкер бейнесі мен көркемдік әлемі тұрғысынан Ш.Мұртаза стилінің сапалық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік аламыз.
«Сояу» повесі – жазушының бұған дейін жарық көрген таңдамалы шығармаларының жинағына енгізілмеген. Мен оны қаламгердің мұрағаттық материалдарының ішінен таныстым.
Қазақ прозасында өзіндік орны бар Шерхан Мұртазаның кемеліне келген шағы – 90 жылдарда қаламынан туған дүниелерінің барлығы да көтерген тақырыбы мен айтар идеясы, түйген тұжырымы мен көркемдігі жағынан бір-бірінен асып түседі. Әсіресе, оның соңғы повесі – «Сояу» повесі – осының дәлелі.
«Сояу» повесінің тақырыбы – замана тынысы, яғни, соғыстан кейінгі жылдары тыныш жатқан байтақ даламыздың тыңайған жерлерді игеру науқанымен жаппай жыртылған жылдардағы өмір көріністері. Жазушы Шерхан Мұртаза бұл повесті бастағанымен, шешімін кейінге қалдырған. Абыз қаламгер осы науқанның жылдар легіндегі шындығын көзімен көріп, көкейіне тоқығысы келген-ау. Сол үшін де асықпаған сыңайлы. Жылдар өте келе, Шерхан Мұртаза бұл шығармасын тіпті ұмытып та кеткен. Орталықта жазушының мұрағаттық дүниелерінің арасынан табылып, «Қазақтың Шерағасы» атты көптомдықтың 10-томына енгізілген.
Қорыта айтқанда, кесек тұлға, кенен дарынның шығармашылығы мен қайраткерлігі турасында аз жазылып, аз айтылып жатқан жоқ. Дегенмен, Ш.Мұртазадай ардагер жазушы шығармашылығы терең мазмұнға, сан сырға толы. Соларды зерттеп-зерделеу – болашақ біздердің міндетіміз деп білемін".