Әлем таныған ақын 80 жаста
Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әлем таныған ақын» атты Түркістандағы «Farab» кітапханасында шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында тау тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Салтанатты жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды ақынды мерейтоймен құттықтап, елге сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
«Сіз адамзатты ізгілікке, мейірімге, бірлікке, шынайы махаббатты бағалауға, шақырған өлеңдеріңіз көптеген жастардың жүрегіне от жақты, сенімін оятты, жігерлендірді деп ойлаймын. Сіздің қазақ поэзиясына қосқан үлесіңіз жоғары және осында отырған ел жоғары бағалайды. Қасиетті Түркістан қаласына келіп осындай кешті өткізу, сіздің мерейтоңызды ұйымдастыру біз үшін үлкен мәртебе. Алтын уақытыңызды қиып, елмен жүздескеніңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Жуырда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесін көтерді. Оған толық негіз бар. Түркістанның рухани астана атануы жолында сіздің де үлесіңіз мол деп есептеймін. Өйткені сіз парасатты жырларыңызбен, отаншылдығыңызбен ел рухын көтердіңіз. Отырар мен Түркістанды әлемге танытуға еңбек сіңірдіңіз»,- деп атап өтті облыс басшысы.
Мерекелік кеште Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған таңдаулы әндер шырқалды. Мерейтой иесі кеште сөз сөйлеп, Түркістан жұртшылығына алғысын білдірді. Ұлтты сақтау, мемлекетті қорғау, руханиятты қолдау бағытында жүйелі ойлар айтты. Әрдайым парасат, шындық биігінен табылу әр адамға міндет екенін жеткізді. Сонымен бірге Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілерімен бірге «Туған күн кешінде» әнін шырқады.
Мұхтар Шаханов – қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан, әр қазақтың жүрегіне жол таба білген, қайталанбас дарын иесі. Саясатта да ел мүддесі жолында еңбек еткен қайраткер. Ақынның шығармалары әлемнің ондаған елдерінің тілдеріне аударылған.
Өнегелі өмірін шығармашылыққа арнаған ұлт қайраткері осы жылы Ұлытауда өткен құрылтайда Президент қолынан "Қазақстанның еңбек ері" атағын алған болатын.
Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің жанашыры, діл майданының сардары ретінде репутация қалыптастырған ақын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Репсубликасындағы Елшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтар есімін арқалаған үш алыптың бірі саналатын ақын ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарды. Кез келген буынның өкілі өлеңдерін жатқа оқитын Мұхтар Шахановтың әсіресе «Отырардың күйреуі», «Эверестке шығу», «Ғашықтық ғаламаты», «Еркектер жыры», «Сұлулықты сезіну немесе Ғабиден Мұстафинмен қарттық жайлы әңгіме», «12-3=?», «Арман», «Шың басындағы оқиға, «Достық өлкесінің заңы», «Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап», «ТЖ-лар», «Төрт ана», «Космополит қазақтар» сияқты өлең-дастандары ел аузынан түспей келеді. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың шығармашылық тандемі бірнеше буынның сүйікті репертуарына айналған өміршең әндерді жарыққа шығарды. Ал «Арал қасіреті» әні өткен ғасырдан бері қазақтың басты экологиялық проблемасы болып келе жатқан Арал трагедиясының мұңды гимніне айналды.