Мырзашөлден шыққан талант

Oinet.kz 02-12-2022 454

image.png

Күні кеше Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Бақыт Сраиловтың шығармашылық кеші өтті. Аталмыш кешке Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, ардақты ұстаз, суретші-кескіндемеші Нұрлан Шилібайұлы, ҚР Көркем-сурет академиясының Түркістан облысы филиалының төрағасы, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, суретші-гобеленші Құттыбек Жақып, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының төрағасы, танымал актер, режиссер, педагог, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сынды тұлғалармен қатар Түркістан облысы мәдениет басқармасының бас маманы Ержігіт Сартаев және кеш иесінің әріптес-достары мен жақындары қатысты. 

Алдымен кеш қонақтары Шымкент қалалық орыс драма театрында ұйымдастырылған Бақыт Бекмырзаұлының «Кеңістік» атты сурет көрмесін тамашалады. Шара барысында Ержігіт Сартаев Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының алғыс хатын табыстап, сый-сыяпат көрсетті.  Басқарма басшысы құттықтау сөзінде: «Құрметті Бахыт Бекмырзаұлы! Сізді бүгінгі шығармашылық кешіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Біз сізді іскер басшы ғана емес, нағыз шығармашыл азамат, білікті маман ретінде жақсы білеміз. Сіз тек өңіріміздің ғана емес, еліміздің театр саласының дамуына, мәдениетіміздің өркендеуіне зор үлес қосып келесіз. Әріптестер арасында да сіздің беделіңіз жоғары. Алғаш еңбек жолын бастаған сәттен бастап, қазіргі уақытқа дейін қажырлы еңбегіңіз бен ерекше дарыныңыздың арқасында Қазақстан Суретшілер одағы мен Театр қайраткелері одағының мүшесі атанып, ҚР Мәдениет қайраткері сынды зор жетістіктерге жеттіңіз. 

Сізді көпшілік сонымен суретші ретінде жақсы таниды. Р.Гамзатовтың «Тау қызы», І.Есенберлиннің «Ғашықтар», М.Әуезовтің «Қарагөз», «Қорғансыздың күні», Ш.Айтматовтың «Жәмилә», А.Островскийдің «Жазықсыз жазықты», Ш.Құсайыновтың «Үкілі Ыбырай» сияқты 70-тен астам қойылымдардың сценографиясын жасадыңыз. Әрине, мұның бәрі шоқтығы биік әдеби дүниелер. Ең бастысы сіздің өз мамандығыңызға, өнер мен театрға деген сүйіспеншілігіңіз ерекше. 

Сізді осындай тамаша кешіңізбен тағы да құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін. Заман, уақыт ағымынан артта қалмай, Мырзашөлдік көрермендерді рухани тұрғыдан сусындату үшін де еңбек ете беріңіз» деген ақ жарма тілегін жеткізген.

Кешті Айжан Тәженова бастаған ҚР Мәдениет қайраткерлері өз өнерін паш етіп, концерттік бағдарламамен жалғастырды.

Айта кетейік, Бақыт Сраилов 2012 жылдан бері өзіне ерекше ыстық сезілетін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры қызметін абыроймен атұарып келеді. Осы уақыт аралығында театрдың киелі сахнасында жалпы саны 50-ден астам әр алуан жанрлардағы қойылымдар сахналанды. Ол бірнеше Халықаралық көркемсурет көрмелері мен театр байқауларының лауреаты, дипломанты да болды. Алматыдағы жастар театрындағы жетістіктері өз алдына, Б.Сраилов Жетісай драма театрына басшы болған уақыт аралығында шығармашылық ұжым «Театр көктемі 2013» театрлардың облыстық фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленді. 2014 жылы Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының «Жыл театр суретшісі» номинациясы бойынша «Еңлікгүл» Кәсіби театр өнері сыйлығының лауреаты болып танылды. 2015 жылы Атырауда өткен Р.Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде Жетісай драма театры да жүлделі орынды алды. Ал «Двойник» қойылымының қоюшы-суретшісі ретінде Б.Сраилов лауреат атанды. Ал, 2018 жылы Республикалық театр ассоциациясы тарапынан белгіленген мәртебелі ұлттық «Сахнагер - 2018» сыйлығы мен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері болды. Жалпы Б.Сраиловтың атақтары мен алған марапаттары бір басына жетерлік.

Бала күнінен бейнелеу өнеріне ғашық болып өскен Бақыт Бекмырзаұлы бүгінде суретші ретіндегі таланты сахналық шешімдер жасауда көп көмегі тиетінін айтады. Оның  Қазақстан театрлары сахналарындағы қоюшы-суретші шешімдері ретінде Р.Гамзатовтың «Тау қызы», І.Есенберлиннің «Ғашықтары», С.Камаловтың «Ер Тарғын», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», А.Островскийдің «Жазықсыз жазықты», Б.Васильевтің «Тамылжыған таң», И.Ғайыптың «Негізгі шаруа», «Естай-Қорлан» драмалары, Ш.Хұсайыновтың «Үкілі Ыбырай» муздрамасы, «Әбу-Нәсір Әл-Фараби» тарихи драмасы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» муздрамасы, «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы сынды 70-тен астам қойылымдарын дәлел ретінде айтуға болады.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында қойылған суреткерлік-сценографиялық шешімдері: Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектаклі 2011 жылдың наурыз айында Түркияның Адана қаласындағы, осы автордың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» трагедиясы 2012 жылдың сәуір айында Ашхабад қаласындағы, М.Әуезовтың «Қарагөз» драмасы 2013 жылдың қазанында Бішкек қаласындағы ART ORDA Халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, шетелдік театр мамандары, көрермен мен сыншылар тарапынан өте жоғары бағаланды.

Бақыт Сраилов биыл мәдениет саласындағы ең жоғары атақтардың бірі – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Мұндай жетістік өнер саласындағы көпке бұйыра бермейді. Бір қолында театр тізгіні тұрса, екіншісінде қылқаламы бар нағыз шығармашылық иесінің жұмысы көпке танымал. Саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған, сурет өнері мен сценографиясында өз қолтаңбасы бар Бақыт Сраилов ұлттық өнерді дәріптеуші, халықтық мәдениеттің дамуына ерен үлес қосушы.

Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» шығармасын барлығы 400-ге жуық топоним кездеседі
Шерхан Мұртазаның проза-публицистикасындағы көркемдігі ерекше
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу