Шоқтығы биік Ай мен Айша

Oinet.kz 15-12-2022 1410

Screenshot_3.jpg

Ай мен Айша - Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік шығарма. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары  оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің 3 курс студенті Баян Мейрбектің шығармасын ұсынамыз.   

"Шерхан Мұртазаның «Ай менАйша» романындағы заман шындығын негізгі үш топқа бөлуге болады. Біріншісі: 1932 жылдардағы қазақ даласын жайлаған аштық. Тарих парақтарына «Кіші қазан идеясы» ретінде кірген бұл зобалаң кезеңнің әлеумет өміріндегі бейнесі шығарманың «Қара арпа», «Үш ешкі», «Жез елік пен күміс қасқыр», «Шолақ Сияқұл», «Көк кемпір», «Көкала үйрек», «Қарашай қамбашы», «Ноха» деген бөлімдерінде ашық әрі әсерлі суреттеледі. Автор әдеби көркемдікпен қоса нақты тарихи хронологияны бере білген. Мәселен: «Кітапты көп оқитын молда кісі Мұртазаның Айшаға айтуынша, колхоз келіп, малдың бәрін сыпырып, адамдар ашыққан жылы, нақтырақ 1932 жылдың  28 қыркүйегінде  Барсхан дүниеге келеді. Одан соң дүниеге Құрмаш пен Батырхан келді». 

Екіншісі, аштықтың ізін шала келген кесапат - 1937 жылғы «халық жауларын» қудалау. Ұлтымыздың ұлылары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, репрессиядан атылып та, айдалып та кеткендігін тарихты зерттеген талай ғалым дәлелдеді. Ал Шерхан Мұртаза «Сол бір жаламауыз күн 1937 жылдың қысы еді»,- деп әкесі Мұртазаны жазықсыз қаралаған күнді баяндайды. "Ит өлген" дейтін алысқа айдалып кеткен Мұртаза сол кеткеннен оралмайды. "Халық жауы" атанып, айдауға кеткен отағасының міндетін қоса атқарған Айша  мен басқа да қайсар аналалардың шебер бейнеленген тағдыры тарихтың осы тұсымен астасып жатыр. Ал статистика 1937–1938 жылдары 135 мың қазақ интеллегенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болды дейді.

Романда бейнеленген тағы бір заман шындығы - Ұлы Отан соғысының тылдағы жайы. Шерхан Мұртаза соғыс салған қасіретті көріп өскен ұрпақ өкілі. Ол шығармасында 1941-1945 жылдар сипатын "соғысқа аттану, қаралы қағаз, майданға көмек көрсету, тылдағы тынымсыз еңбек" деген ұғымдармен ашып көрсетеді. Ер біткен соғысқа кетіп жатқан шақта әйелдер қауымы тылдағы ауыр еңбекті арқалады десек шындықтан алыс кете қоймаспыз. 1940 жылы әйелдердің еңбектегі үлесі 48 пайыз болса, 1942 жылы 75 пайызға дейін артты. Сандардың өзі сөйлеп тұр. Ал "Ай мен Айшадан" жесір қалса да, жеңісті жақындату үшін тылда аянбай еңбек еткен, балалардың баянды болашағы үшін сұрапыл соғыстың зардабына көндіккен әйел-аналар бейнесін жиі көреміз ( Пияш апа, Баян, Шолпан, Зиба аналар ). Айша – солардың жиынтық бейнесі. Қазақ әйелінің тектілігі мен қайсарлығын, адалдығы мен жанкештілігін бір бойына жинақтаған. Шығарманың қуаттылығы да Айша образының мықтылығында".

Қонаев және оның дәуірі тиянақты зерттеуді қажет етеді
Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» шығармасын барлығы 400-ге жуық топоним кездеседі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу