Е.Айғалиұлы: Шер-ағаң нағыз редактор еді...

Oinet.kz 13-12-2022 455

image.png

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған  «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумға жазушы туралы эссе мен ғылыми еңбектер еліміздің және көршілес елдің қаламгерлерінен түсуде. Барлығы да   Шерхан Мұртазаның жазушы, журналист, мемлекеттік қайраткер ретінде атқарған еңбектерін, әдеби-публицистикалық мұрасын дәріптеу, тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған. Белгілі қаламгер Ертай Айғалиұлы Шерхан Мұртаза туралы естеліктерімен бөлісіп, хикаясын баяндады. 

 «Ұстазымның өзінің сүйікті мамандығына тер төгіп, жұмыс істеп жүрген шаңырағына, нағыз редактор ретінде газетке деген шын жанашырлығын, махаббатын дәлелдейтін басымнан кешкен мына шағын екі оқиғаны баяндағым келеді. 

  1987 жылы «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа келгенімді айттым. Секретариатқа қызметке алды. Ол кезде газет жұмысы өте ауыр болатын. Суреттерді боямалап (ретуш) баспаханаға алдын ала жібереміз. Олардағы бейнелерді темірге бедерлеп (клише) болашақ газетке жапсырамыз. Міне менің алғашқы күнгі кезекшілігімде әлгі клишелер жоғалып кетті. Ал ол темір суреттерсіз газет шықпайды. Қайта жасау үшін бір күн керек. Сонымен түнде газет басылмады. Яғни газет оқырман қолына тимеді. Ол кезде мұндай оқиғалар жоғары жақтан кешірілмейтін. Таңертең бір ағамыз жоғалған суреттерді әкелді. Жігіттер оны қасақана жоғалтып жіберген адамды да тауып, жетектеп Шерағаңның алдына әкелді. 

   − Әй, пәленше! Мені ұр, соқ, тепкіле, жоқ қыл! Бірақ газетіме тиіспе!− деді Шерағаң жолбарыстай ақырып...

   Екінші оқиға да бір аптадан соң болды.Секретариатта талантты суретші ағамыз болды. Газеттің макетін, оның безендіруін терең түсінетін жан болатын. Лездемеде сол суретші ағамыздың тағдыры талқыға түсті. Ұжым мүшелері байғұсты ортаға алып әбден сілкіледі, жамандады. Барлығы дерлік оны жұмыстан шығаратын болып, жардың жиегіне әкеліп қойды. Бір  минөттей үнсіздік орнады. Жұмыстан шығару жөніндегі үкімді енді бас редактор Шер-ағаң айтуы тиіс. Кілең мүйізі қарағайдай-қарағайдай ағаларымның бұл күстанауларына мен түсінбедім. Жаңа келіп жатсам да мен де ойымды айтқым келіп қолымды көтердім. 

   − Шер-аға, мен ойымды айтсам бола ма? 

   −  Айт, сары бала! – деп ол кісі гүр-р ете қалды. 

   − Шер-аға, сізге заманауи безендіруі бөлек тамаша газет керек пе? – дедім сауал тастап. Шер-ағаң мына оқыс сұрағыма мырс етіп күлді.

 − Әрине керек! 

 − Ендеше газетті жасау осы ағамның қолынан келеді...

  Тағы да шыбынның ызыңы естілер тыныштық орнады. Шер-ағаң ыңырана үн қатты. 

 − Әй, пәленше! Сенің жаныңды уақытша мына сары бала сақтап қалды. Жасаңдар, көрейік! Сендерге 3 ай мерзім беремін. Егер осы уақытта ондай газет шығара алмасаңдар екеуіңді де жұмыстан шығарамын!..

  Біз тарастық. Орта Азия бойынша безендіру жөнінен бірінші орын алдық. Сол үшін бүкіл ұжымға сыйақы берілді. Шер-ағаң ағам екеумізге жұрт алдында алғыс жариялады...»,-деп еске алады жазушы Е.Айғалиұлы.    


Дархан МЫҢБАЙ: Шерағаң қанша талапшыл болса, соншама мейірімді, қайырымды жан еді
Е.Әлімжан: Шер-аға, Сіздің көп қасиетіңіздің парқын уақыт өткен сайын ұғынып жатырмын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу