Боздақтарды ақтау жұмысы жалғасуда

Oinet.kz 19-11-2022 275

image.png

Түркістан қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының кезекті отырысы өтті.  Жиынға Түркістан облысындағы белгілі тарихшылар мен ғалымдар, архив қызметкерлері, тиісті сала жетекшілері және бірқатар БАҚ басшылары қатысты.

Келелі басқосуда сөз алған Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның маңыздылығын атап өтті.

Аталған комиссия құрамы Түркістан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 4 ақпандағы шешімімен бекітіліп, сәйкесінше, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылған. 

Кездесуде белгілі болғандай, биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті басқа да шығыстарға жергілікті бюджеттен 45 миллион  теңге қаралып, қазіргі таңда заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Өңірлік комиссияның баспа қызметінің жоспарына сәйкес, құжаттар мен мақалалар жинағы, монография, архивтік құжаттар жинағы жылдың соңына дейін жарыққа шығады деп жоспарланған. 

Осыған байланысты, бүгінгі комиссия отырысына жұмысшы топтың зерттеу жұмыстарының нәтижесімен жинақталған 6 жинақ, 1 тізім және 1 монографияны баспаға шығаруға ұсыныс жасалды.

Сонымен қатар, жұмысшы топпен өңірлік комиссияның қарауына облыстық архивтегі ашық және жабық қор құжаттары негізінде дайындалған, нұсқаулықта көрсетілген баптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар және Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінде құрылған жұмыс тобы дайындаған Сыр-Дария округіндегі мал-мүлкі тәркіленген бай-кулактар тізімі ұсынылды. 

Жалпы алғанда, қылмыстық жауапкершілікке тартылған 2085 адам, мал-мүлкі тәркіленген 3090 бай-кулак, Бостандық көтерілісіне қатысқандардың 32 адамның тізімі толық ақтауға ұсынылатындар ретінде комиссия қарауына шығарылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде: «Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық. 2020 жылы  қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз»,- деп атап өтен болатын.

Солақай саясаттың кесірінен жазықсыз жапа шеккен боздақтарды анықтау мен ақтау жұмыстарына түркістандық ғалымдар да ат салысып келеді. 

«Сталиндік қуғын-сүргіннің бұрын белгісіз болған тағы бір фактілерінің беті ашылды» дейді түркістандық профессор Досай Кенжетай. Біз білетін 1937-38-і жылдан бұрын Түркістандықтарды Ұлыбритания тыңшысы деп айыптап, өлім жазасына кесу және тура Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында молдаларды өлтіру деректері анықталды.

2020 жылдың 24 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жұмыс топтары құрылды. Олар осы уақытқа дейін ақталмаған адамдардың мәселесімен айналысты. Осы мақсатта Кеңес Одағының құпия ұстап келген мұрағат құжаттары ашылды. Теолог Досай Кенжетай дін насихаттағаны үшін қудаланған адамдардың өмірін зерттеуді қолға алыпты. Мәселен, сол кезде оларға – Ұлыбританияның тыңшысы деген жалған айып тағылған екен.

Шетелдік арандатушылар мен тыңшылардың арбауына ерді деген айып қарапайым халыққа да тағылғаны жасырын емес. Мәселен, Қазақ тарихындағы ең қаралы зұлмат – ашаршылықтың алғышарты болған ұжымдастыруға қарсы көтеріліс ұйымдастырушыларына осындай айып тағылған еді. Дәл сол кез имамдарға қарсы күрестің шырқау шегі болып саналады. Сондай жан түршіктірерлік оқиға Түркістанның өзінде де болыпты. 

Досай Кенжетайдың айтуынша, елімізде қалған мұрағат құжаттары толық тарихи фактілердің бетін ашу үшін жеткіліксіз. Шындықты толық білу бірнеше жылға созылатын зерттеу жұмыстарын талап етеді. 



Түркістан тұрғындары сайлау күні қоғамдық көлікте тегін жүреді
Құқықтық сананы көтеру жайы талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу