Павлодарда шенеуніктің әйелі мас күйде көлік жүргізіп, полициядан қашқан
Павлодар соты "Еңбек мобильділігі орталығының" директоры Меруерт Есембаеваны мас күйде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Оinet.kz.

Оқиға 22 ақпанға қараған түні болған. Есембаева қызметтік Chery Tiggo 7 Pro көлігімен полиция талабына бағынбай жүріп кеткен. Полиция оны қуып жетіп тоқтатқанымен, ол алкогольдік тексеруден өтуден бас тартқан.
Сот материалдарына сәйкес, ол – Мәдениет және туризм министрлігінің спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төраға орынбасары Нұрлан Есембаевтың жұбайы. Әйел ресми түрде декреттік демалыста болғанымен, қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған.
Сотта Есембаева өзін нашар сезінгенін айтып, алкогольдік тексеруден өте алмағанын алға тартқан. Алайда полиция мен медициналық орталықтағы бейнежазбалар оның тексеруден жалтаруға тырысқанын көрсеткен.
Полицияның мәліметінше, көліктің ішінде ашық сыра банкісі табылған. Кейін Есембаева жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілген.
Сот оның төрт кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, қамауға алмады. Алайда 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
Сонымен қатар судья А. С. Адамжанова Павлодар облысының әкіміне жеке хат жолдап, бір ай ішінде декреттегі қызметкерге қызметтік көліктің қалай берілгенін тексеруді тапсырды.


