Миллиондарды жымқырған Өскемен әуежайының экс-басшысы сотталды
Өскемен әуежайы АҚ-ның бұрынғы басшыларына қатысты сот үкімі шықты. Істі Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Сот мәліметінше, әуежайдың бұрынғы президенті мен атқарушы директоры 2018–2023 жылдары қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, мердігерлермен жасалған шарттар арқылы шығындарды негізсіз ұлғайтқан. Келісімшарттағы сома мен нақты төлем арасындағы айырманы өз пайдаларына жаратқан.
Материалдық-техникалық жабдықтау тобының басшысы да сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету дерегі бойынша айыпталды. Айыпталушылар сотта кінәларын толық мойындамаған.
Үкімге сәйкес, әуежайдың бұрынғы президенті 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 120 млн теңгеден астам қаражатты кәсіпорын пайдасына өтеуге міндеттелді.
Атқарушы директор 7 жылға сотталды, ал бөлім басшысы 1 жылға шартты жаза алды.
Сонымен қатар, сотталғандардан жалпы 20 млн теңгеден астам қосымша шығын өндірілмек. Үкім заңды күшіне енген жоқ.


