30 адамды жұмысқа орналастырамын деп алдаған әйел ұсталды
Мақтаарал ауданының полицейлері жұмысқа орналастырамын деп 30-ға тарта тұрғынды алдаған шымкенттік алаяқ әйелді ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабаралады.
Мақтаарал АПБ-не бірнеше жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушілердің бірін жақсы таныс емес әйел сеніміне кіріп, кез келген мектепке жұмысқа орналастырып беремін деп алдаған. Алаяққа сенген тұрғын ұлы мен күйеубаласын жұмысқа тұрғызу үшін әйелге 1,5 миллион теңгеге жуық ақшасын беріп, жер сипап қалған.
Қалған арызданушылардың басым бөлігінің айтуынша, алаяқ әйел "Мен мүгедек балаларды оңалту орталығын ашайын деп едім. Соған медбике, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер, техникалық қызметкер етіп жұмысқа қабылдаймын, әр жұмысқа тұрудың өзіндік бағалары бар" екенін айтып, біреуінен 500 мың, келесісінен 600 мың, кейбірінен 350 мың теңге алып отырған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, тұрғындарды арбауына түсірген алаяқ әйелді ұстауға қажетті шаралар жасалды. Куәгерлерден жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, 5 күн ішінде ұсталды. Ол Мақтаарал ауданында туылып, 15 жыл бұрын Шымкент қаласына көшіп кеткен егде жастағы әйел болып шықты. Ол кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында анықталғандай, ол осындай алаяқтық жолмен 30-ға жуық тұрғынды алдаған. Жәбірленушінің барлығына келтірілген шығын көлемі 13 миллионнан астам теңгені құрады.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді. Жұмысқа тұруға ақша берген де, алған да заңға қайшы екенін атап өтті.