Дропперліктің құқықтық салдары түсіндірілді

Oinet.kz 25-09-2026

image.png

Қаржылық сауаттылық адамның өз қаражатын дұрыс басқаруымен ғана шектелмейді. Күмәнді ұсынысты ажырату, жеке мәліметтерді қорғау, бөтен адамның өтінішімен қаржылық операцияларға араласпау да қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Осы мәселелер Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында өткен кездесуде кеңінен түсіндірілді.

Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен, Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің үйлестіруімен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараға Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Аружан Әлжан қатысып, қаржы пирамидалары, дропперлік және қаржылық алаяқтықтың алдын алу жөнінде маңызды ақпарат берді.

Кездесу барысында қаржы пирамидасының негізгі белгілеріне назар аударылды. Аз уақыт ішінде жоғары табыс табуға уәде беру, үлкен пайдаға кепілдік ұсыну, жаңа қатысушыларды тартуға шақыру сияқты ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттігі айтылды. Қандай да бір жобаға қаржы салмас бұрын оның қызмет бағытын, заңдылығын және нақты жұмыс істеу тетігін тексерудің маңызы түсіндірілді.

Дропперлік мәселесі де кеңінен қозғалды. Өзге адамның өтінішімен банк картасын немесе есепшотын пайдалануға беру, ақша аударымдарын қабылдап, әрі қарай басқа шотқа жіберу құқықтық мәселеге әкелуі мүмкін. Сондықтан жеке банк картасын, шотын және қаржылық деректерін бөгде адамдардың пайдалануына бермеу қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар интернеттегі қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді. Бейтаныс сілтемелерге өтпеу, банк қосымшасындағы құпия ақпаратты ешкімге айтпау, SMS арқылы келетін растау кодтарын бермеу  жөнінде кеңестер берілді.

Іс-шараның мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, қаржы пирамидалары мен дропперліктің қауіптері туралы түсінігін қалыптастыру. Сондай-ақ жеке қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаржылық алаяқтықтың алдын алуға бағыт-бағдар беру көзделді.

Кездесу барысында қатысушылар маманға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары жөнінде нақты жауаптар алды. Теориялық ақпаратты бекіту үшін арнайы ойын ұйымдастырылып, қатысушылар қаржылық қауіпсіздік бойынша білімдерін сынап көрді. 

Қиындықты дер кезінде бөлісу маңызды
Құқықтық сауат – қауіпсіз қоғамның негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу