Жастарға қаржылық алаяқтықтың алдын алу жолдары түсіндірілді

Қазір әлеуметтік желіде қысқа уақытта көп табыс табуға шақыратын түрлі ұсыныс көбейді. Кейде оның сыртқы көрінісі тартымды болғанымен, ар жағында қаржы пирамидасы немесе алаяқтық схема тұруы мүмкін. Мұндай қауіптерден әсіресе жастардың хабардар болғаны маңызды. Осы мәселелер Ж. Тәшенев атындағы университетінде өткен «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбындағы кездесуде кеңінен түсіндірілді.
Іс-шара Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен, Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің үйлестіруімен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, ақшамен байланысты күмәнді ұсыныстарға алданып қалмаудың жолдарын түсіндіру.
Кездесуге Шымкент қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жарылқасын Жақсыбай қатысып, студенттерге қаржы пирамидалары, дропперлік және қаржылық алаяқтықтың алдын алу жөнінде маңызды ақпарат берді.
Маман жастарға қаржы саласында кездесетін қауіптердің бірнеше түріне тоқталды. Соның ішінде жоғары табысқа кепілдік беретін, аз уақыт ішінде мол пайда табуға уәде ететін жобаларға бірден сенбеу қажеттігі айтылды. Қаржы саласындағы кез келген ұсынысты қабылдамас бұрын оның заңдылығын тексеру, шарттарын мұқият оқу және жеке мәліметтерді бейтаныс адамдарға бермеу маңызды.
Кездесуде дропперлік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Банк картасын немесе шотын басқа адамның пайдалануына беру кей жағдайда қарапайым өтініш сияқты қабылдануы мүмкін. Алайда мұндай әрекеттің қаржылық және құқықтық салдары болуы ықтимал. Сондықтан жастарға өз атына рәсімделген банк картасын, есепшотын және басқа да қаржылық құралдарын бөтен адамдардың пайдалануына бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар жеке қаражаттың қауіпсіздігін сақтау мәселесі қозғалды. Банк қосымшаларындағы құпия деректерді, SMS арқылы келетін кодтарды және басқа да жеке ақпаратты бөгде адамға хабарламау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қаржылық платформаларға ақша аудармау сияқты қарапайым сақтық шараларының маңызы айтылды.
Жастар кездесуде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан жауап алды.


