Оңай олжаға қызықпаған дұрыс

Oinet.kz 24-09-2026

image.png

Жастардың қаржылық сауатын арттыру және оларды алаяқтық схемалардан қорғау – «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы алдын алу жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен қалалық жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Аймақтық инновациялық университетінде «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараға Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Аружан Русланқызы  қатысып, студенттерге қаржы пирамидалары, дропперлік және қаржылық алаяқтықтың алдын алу жолдары туралы маңызды ақпарат берді.

Кездесуде жастарға қаржы саласында жылдам әрі оңай табыс табуды уәде ететін күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттігі түсіндірілді. Қаржы пирамидасына тән белгілер, оның жұмыс істеу тәсілдері және мұндай схемаға тартылған азаматтардың қаржылық шығынға ұшырау қаупі туралы айтылды.

Сонымен қатар дропперлік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өзінің банк картасын, шотын немесе басқа да төлем құралдарын бөгде адамның пайдалануына беру заңдық және қаржылық тәуекелге әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Жастарға бейтаныс адамдардың өтінішімен ақша аудармау, банк шотының деректерін және құпия ақпаратты бөгде тұлғаларға бермеу жөнінде кеңестер айтылды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты тек заң бұзған адамды жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Оның маңызды бағыты – азаматтарды құқықтық және қаржылық тәуекелдерден алдын ала сақтандыру. Әсіресе цифрлық технологиялар кең қолданылатын қазіргі кезеңде жастардың қаржылық сауатының жоғары болуы өз қаражатын қорғауда маңызды рөл атқарады.

Кездесу барысында студенттер қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары туралы сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауаптар алды. Жеке қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күмәнді сілтемелер мен ұсыныстарды тексеру, бейтаныс адамдарға қаржылық мәлімет бермеу мәселелері де қозғалды.

Жастардың алған білімін бекіту мақсатында арнайы ойын ұйымдастырылып, қатысушылар қаржылық қауіпсіздікке қатысты білімдерін сынап көрді. Ойын барысында олар түрлі жағдайларды талдап, күмәнді ұсыныстарды ажыратуға мүмкіндік алды.

Күмәнді ұсынысқа еліктемей, ақпаратты тексеріп, қауіптің алдын алу – қаржылық қауіпсіздікті сақтаудың маңызды шарттарының бірі.

Буллингке қарсы бір қадам – заңды құрметтеуден басталады
Қаржылық қақпаннан сақ бол!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу