Заң мен Тәртіп: азаматтардың құқығы қалпына келтірілді

Oinet.kz 25-09-2026

image.png

Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және сот актілерінің заң талаптарына сәйкес орындалуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Осы бағытта Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы №86-НҚ нормативтік қаулысының іс жүзінде орындалуы қамтамасыз етілді.

Бұған дейін баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімдерін орындау кезінде жеке сот орындаушысының қызметіне ақы екі тараптан да өндіріліп келген. Оның ішінде сот шешімі пайдасына шығарылған ата-анадан да қосымша ақы алынған.

Конституциялық Сот бұл тәсілдің жол берілмейтінін атап өтті. Сот шешімін орындау – азаматтың сот арқылы қорғалу құқығының ажырамас бөлігі. Сондықтан сот актісін орындау барысында өндіріп алушының өз құқығын жүзеге асыруына қосымша қаржылық немесе өзге де кедергі келтірілмеуге тиіс.

Осы мәселе бойынша қала прокуратурасы жүргізген талдау барысында нормативтік қаулы күшіне енгеннен кейін де үш жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардан өз қызметі үшін ақы өндіруді жалғастырғаны анықталды.

Аталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданып, азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Заңсыз өндірілген қаражат азаматтарға толық көлемде қайтарылды.

Бұл жұмыс «Заң мен Тәртіп» қағидатының маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетіктері жұмыс істеуі керектігін көрсетеді. Сот шешімі азаматтың құқығын қорғауға бағытталған болса, оның орындалуы кезінде сол азаматқа қосымша қаржылық ауыртпалық түсірілмеуі тиіс.

Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларының орындалуын қамтамасыз ету де осы құқықтық тәртіптің маңызды бөлігі. Себебі қабылданған шешімнің заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалуы азаматтардың құқықтарының толық қорғалуына мүмкіндік береді.

Қала прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және Конституциялық Сот шешімдерінің орындалуын бақылау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Заң талабы бұзылған жағдайда азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған тиісті шаралар қабылданады.

Абай ауданында тұрғындардың мәселесі тікелей тыңдалуда
Буллингке қарсы бір қадам – заңды құрметтеуден басталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу