Түнгі жарыстың соңы жазамен аяқталды

Шымкентте түнгі автокөлік жарысы мәремен емес, әкімшілік жауапкершілікпен аяқталды. Қала аумағында көше жарысын ұйымдастыруға әрекет жасаған жүргізушілердің жолы полиция қызметкерлері тарапынан кесілді.
Автомобиль жолын жарыс алаңына айналдырған екі азаматтың әрекеті құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмады. Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың жолын кесіп, оқиғаға қатысы бар екі автокөлікті арнайы айып тұрағына қойды.
Құқық бұзушылардың қатарында Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғыны Абдилазимов Альакбар және 32 жастағы Әбдіманап Нұрболат бар. Аталған факті бойынша тиісті материалдар рәсімделіп, іс сотта қаралды.
Сот шешімімен екі азамат та әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 7 тәуліктен әкімшілік қамақ тағайындалды.
Қала көшелерінде көлік жарысын ұйымдастыру сырттай ойын-сауық немесе жүргізушілер арасындағы бәсекелестік болып көрінуі мүмкін. Алайда қоғамдық пайдаланудағы жол мұндай мақсатқа арналмаған. Жоғары жылдамдық, қауіпті маневрлер мен жүргізушінің көлікке толық бақылау жасай алмауы өзге көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіреді.
«Заң және тәртіп» қағидаты қоғамдық кеңістікте белгіленген талаптарды сақтауды және әр азаматтың өз әрекетінің салдарына жауап беруін көздейді. Жол қозғалысы ережелері де осы ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін белгіленген. Сондықтан жолдағы тәртіпке немқұрайлы қарау тек жеке жауапкершілік мәселесі емес, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатысты міндет.
Бұл бағытта полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға, қауіпті әрекеттерді дер кезінде тоқтатуға және құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тартуға басымдық береді.
Полиция азаматтарды автомобиль жолдарын белгіленбеген мақсатта пайдаланбауға, жарыс ұйымдастырмауға және жол қозғалысының өзге қатысушыларына қауіп төндіретін әрекеттерден бас тартуға шақырады. Жолдағы әрбір жүргізушінің жауапкершілігі – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі.


