Дрон арқылы заң бұзушылықтар анықталуда

Oinet.kz 22-09-2026

image.png

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық ортадағы жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Тазалыққа қатысты талаптар да осы ортақ тәртіптің бір бөлігі. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау, абаттандыру ережелерін сақтамау бір қарағанда қарапайым мәселе болып көрінгенімен, мұндай әрекеттер қаланың санитарлық жағдайы мен тұрғындарға қолайлы ортаға тікелей әсер етеді.

Осы орайда Шымкент қаласында қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта тазалық сақтау талаптарының орындалуын бақылау ғана емес, абаттандыру қағидаларын бұзғандарға заң аясында шара қолдануға да басымдық беріліп отыр.

Тұран ауданы аумағында мұндай жұмыстарға цифрлық технологиялар да кеңінен тартылуда. Жыл басынан бері дрон арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде 211 құқық бұзушылық анықталған. Яғни, қала аумағын бақылаудың заманауи тәсілдері қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар жыл басынан бері қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзған 876 азаматқа қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, олар заң аясында жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте цифрлық мониторингтің мақсаты тұрғындарды жаппай жазалау емес, ең алдымен белгіленген талаптардың сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Ал цифрландыру осы талаптардың орындалуын бақылаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Дрон арқылы жүргізілетін мониторинг адам көзіне бірден түсе бермейтін аумақтарды бақылауға, заң бұзушылықты дер кезінде анықтауға және тиісті шара қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – цифрлық технологиялардың қала қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қолданысының бірі.

Полиция қызметкерлері тазалық сақтау тек тиісті қызметтердің міндеті емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін еске салады. Қала аумағын таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастау және абаттандыру талаптарын сақтау – заң талаптарын орындаумен қатар, өзге тұрғындарға деген құрметтің де белгісі.

Тазалық пен тәртіп қатар жүрген жерде қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптасады. 

Заң мен тәртіп: ата-ана жауапкершілігі күшейтілуде
Түнгі қаладағы тәртіп бақылауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу