Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік – басты назарда

Oinet.kz 17-09-2026

image.png

Шымкентте цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарымен қатар, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше мән берілуде. «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында қолға алынған бастамалар азаматтардың цифрлық қызметтерді еркін пайдалануына жол ашса, ақпараттық қауіпсіздік пен кибергигиена талаптарын білу – осы мүмкіндіктерді қауіпсіз пайдаланудың маңызды шарты.

Осы бағытта Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияда жоғары сынып оқушыларына ақпараттық қауіпсіздік пен кибергигиенаның маңызы түсіндірілді. Кездесуге Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев және Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бахытжан Бекбаев қатысты.

Мамандар оқушыларға цифрлық ортада кездесетін қауіп түрлері, интернет алаяқтығынан сақтану және жеке деректерді қорғау жолдары туралы айтып берді. Әсіресе бейтаныс адамдардан келген күмәнді хабарламалар мен сілтемелерге өтпеу, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу, әлеуметтік желілер мен түрлі сервистердегі аккаунттарды қорғау қажеттігі түсіндірілді.

Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сайын онлайн ортадағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түсуде. Электронды қызметтерді пайдалану, әлеуметтік желілерге кіру, онлайн төлем жасау немесе түрлі қосымшалар арқылы ақпарат алмасу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты тұрғысынан алғанда, киберқауіпсіздік – азаматтардың құқықтары мен жеке деректерін қорғау, интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәселесі. Сондықтан құқық қорғау органдары мен сала мамандарының жастармен профилактикалық кездесулер өткізуі цифрлық ортадағы қауіптің алдын алуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.

Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, интернет алаяқтығының кең тараған тәсілдері туралы қосымша ақпарат алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары жастардың цифрлық сауатын арттырып қана қоймай, интернет кеңістігінде жауапты әрі қауіпсіз әрекет ету дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.

Шымкентте автокөліктердің зиянды шығарындылары тексерілді
Цифрлық сауаттылық заман талабы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу