Оқушыларға құқықтық жауапкершілік түсіндірілді

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Осы бағытта Абай ауданының прокуратурасы «Bala Protect» жобасы аясында жалпы білім беру ұйымының оқушылары арасында профилактикалық дәріс өткізді.
Мақсат – жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіру, олардың құқықтары мен міндеттері туралы білімін арттыру және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу. Дәріс барысында оқушыларға заңда белгіленген талаптар, құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін көзделген жауаптылық, заң талаптарын бұзудың ықтимал салдары түсіндірілді.
Мамандар жасөспірімдердің кез келген әрекеті белгілі бір жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін айтып, заңды білудің маңыздылығына тоқталды. Әсіресе құрдастардың ықпалына еріп, құқыққа қайшы әрекеттерге араласудың соңы жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертілді. Осыған байланысты оқушыларға қандай да бір күмәнді немесе заңға қайшы ұсынысқа тап болған жағдайда сақтық танытып, мұндай әрекеттерден бас тарту қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттерін сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мектепте және қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын сақтау, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа тартылуының алдын алу басқосудың маңызды бағыттарының бірі болды. Мамандар өкілдері оқушыларға бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қарау, күмәнді ортадан аулақ болу және заңсыз әрекеттерге шақырған жағдайда ересектерге немесе тиісті органдарға хабарлау қажеттігін түсіндірді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық береді. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауатын ерте жастан арттырудың маңызы зор. Өйткені заң талаптарын түсініп, өз құқығы мен міндетін білетін жасөспірім өз әрекетінің салдарын да дұрыс бағалай алады.
«Bala Protect» жобасы аясындағы жұмыстардың негізгі мәні – жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетін қалыптастыру.


