Жастарға заң талаптары түсіндірілді

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Еңбекші ауданының прокуратурасы Политехникалық колледж студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар мен жастардың қылмыстық құқық бұзушылықтарға тартылуының алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Кездесу барысында студенттерге құқық бұзушылықтың салдары тек заң алдында жауапкершілікпен шектелмей, адамның оқуына, болашақтағы өміріне кері әсер етуі мүмкін екені түсіндірілді.
Прокуратура өкілдері жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға тоқталып, есірткі қылмыстарына қатысудың, есірткі заттарын жасырын тәсілмен таратудың, дропперлік қызметтің, интернет-алаяқтықтың, кибербуллинг пен сталкингтің құқықтық салдарын түсіндірді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қараудың қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында қалада орын алған нақты мысалдар келтіріліп, жастарға интернеттегі «жеңіл әрі тез табыс» туралы ұсыныстардың артында қылмыстық әрекет тұруы мүмкін екені ескертілді. Қылмыстық топтардың жастарды өз әрекеттеріне тарту үшін әлеуметтік желілердегі хабарландыруларды, жалған жұмыс ұсыныстарын және қаржылық операцияларға қатысу туралы өтініштерді пайдаланатыны айтылды.
Студенттерге банк карталары мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеу, өз атына шот немесе электронды әмиян ашып, оны басқа тұлғалардың пайдалануына жол бермеу, күмәнді интернет-сілтемелерге өтпеу қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар есірткі заттарын тасымалдау, сақтау немесе таратуға қатысты кез келген заңсыз ұсыныстан үзілді-кесілді бас тарту керектігі айтылды.
Профилактикалық кездесуде жастардың құқықтары мен міндеттері туралы да сөз қозғалып, заңды білу ғана емес, оны күнделікті өмірде сақтау әр азаматтың жауапкершілігі екені атап өтілді. Мұндай түсіндіру жұмыстары жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, қылмысқа бейжай қарамауға және заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты заңды құрметтейтін, өз әрекетінің салдарын түсінетін және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ қалыптастыруды көздейді.


