Кибералаяқтыққа қарсы құқықтық сауат күшейтілді

«Заң және Тәртіп» қағидатын орнықтыруда құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе интернет кеңістігін белсенді пайдаланатын жастар арасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алу – уақыт талабынан туындаған міндет. Осыған орай Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері М.Әуезов атындағы оқу орнының 1–4 курс студенттерімен арнайы түсіндіру кездесуін өткізді.
Іс-шараға 400-ге жуық студент қатысып, интернет кеңістігінде жиі кездесетін қауіп-қатерлер мен олардан қорғану жолдары туралы ақпарат алды. Кездесудің мақсаты – жастарға кибералаяқтықтың кең таралған тәсілдерін түсіндіру, сақтық шараларын үйрету және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың азаматтарды алдау үшін қолданатын негізгі тәсілдеріне тоқталды. Атап айтқанда, жалған қоңыраулар мен хабарламалар, күмәнді сілтемелер, жалған сайттар мен әлеуметтік желідегі аккаунттар арқылы жеке мәліметтерді иемдену, банк карталары мен шоттарына қатысты ақпаратты алдап алу сияқты әрекеттер туралы айтылды. Студенттерге алаяқтардың психологиялық тәсілдерді пайдаланып, адамды асықтыруға, қорқытуға немесе оңай пайда табуға уәде беру арқылы қажетті мәліметтерді алуға тырысатыны түсіндірілді.
Сонымен бірге жеке және банктік деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері банк картасының деректері, құпиясөздер, SMS арқылы келетін растау кодтары мен басқа да маңызды ақпараттарды бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертті. Күмәнді сілтемелерді ашпау, белгісіз нөмірлерден келген хабарламаларға жауап бермеу және интернеттегі ұсыныстарды мұқият тексеру қажеттігі айтылды.
Жастарға интернетті қауіпсіз пайдалану ережелерімен қатар, құқықтық жауапкершілік мәселелері де түсіндірілді. Қандай да бір күмәнді жағдайға тап болған кезде мәселені өз бетінше шешуге тырыспай, ата-анаға, оқу орнының жауапты мамандарына немесе құқық қорғау органдарына жедел хабарласудың маңыздылығы айтылды.
Мұндай кездесулер жастардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі саналады.


