Шымкентте цифрлық сауаттылық сабақтары жалғасуда

Oinet.kz 11-09-2026

image.png

Орталық Азия инновациялық университетінде кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Шараға студенттер мен оқытушылар, цифрлық сауаттылық саласының сарапшылары, полиция қызметкерлері және заңгерлер қатысты.

Ауқымды түсіндіру кездесулері мегаполистің барлық аумағында «Кибермәдениет айы» қалалық айлығы аясында ұйымдастырылуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалардың негізгі мақсаты – жастардың цифрлық алаяқтардың айла-тәсілдеріне қарсы иммунитетін қалыптастырып, жеке деректерін қорғауды үйрету.

Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаевтың айтуынша, тиімді алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында басқарма құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысты жолға қойған.

«Полиция департаменті мен біздің басқарма арнайы жұмыс тобын құрып, белсенді жұмысқа кірісті. Мақсатымыз – оқушылар мен студенттерге заң талаптарын түсіндіру, қазіргі таңда кездесетін қауіп-қатерлер туралы ақпарат беру, қателіктерге жол бермеуге көмектесу және алаяқтардың арбауына түсуден сақтандыру», – деді ол.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымына тоқталған басқарма басшысының орынбасары профилактикалық іс-шаралардың білім берудің әртүрлі деңгейлерін қамтып отырғанын атап өтті.

«Бүгінде біз бес университетті, үш колледжді және үш мектепті қамтыдық. Бұл түсіндіру жұмыстарын қаланың барлық білім беру ұйымдарында жалғастырамыз. Қазіргі таңда интернет-алаяқтық кең таралған. Сондықтан біздің міндетіміз – нақты мысалдар арқылы цифрлық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын түсіндіру. Цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын заманда жастардың алаяқтардың арбауына түспеуі үшін барынша сақ болғаны маңызды», – деді Ернұр Қырғызбаев.

Ашық диалог барысында сарапшылар студенттерге кибергигиенаның негізгі ережелерін де еске салды. Атап айтқанда, күрделі әрі бірнеше таңбадан тұратын құпиясөздерді пайдалану, екі факторлы аутентификацияны қосу, күдікті сілтемелерді ашпау және құпия деректерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі түсіндірілді.

Мұндай кездесулер жастарға заманауи технологиялық және қаржылық қауіп-қатерлерден сенімді қорғану жолдарын түсінуге және цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға  мүмкіндік береді.

Шымкенты все чаще выбирают получения госуслуг в цифровом формате
Тәшенев университетінің студенттерімен кездесу өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу