Алимент – ата-аналық жауапкершіліктің көрінісі

Oinet.kz 28-08-2026

Screenshot_11.jpg

Баланың құқығы мен заңды мүддесін қорғау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Соның ішінде алименттік міндеттемелердің уақытылы орындалуы баланың тұрмыс жағдайына, білім алуына және қалыпты дамуына тікелей әсер етеді. Осы бағыттағы жұмыстар Абай ауданында тұрақты бақылауда.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Абай ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен алименттік міндеттемелердің орындалу мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өткізілді. Жиынға осы бағытта жұмыс жүргізетін жауапты органдардың өкілдері қатысып, алимент бойынша берешекті өндіру және борышкерлердің міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Кеңесте алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтау және оларға заң аясында тиісті шара қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен бірге борышкерлерді жұмыспен қамту, олардың тұрақты табыс көзін қалыптастыру және алименттік берешекті өтеу мүмкіндігін арттыру бағыттары қаралды.

Алиментті уақытылы төлеу – тек сот шешімін орындау ғана емес, ең алдымен баланың алдындағы ата-аналық жауапкершілікті сезіну. Сондықтан берешекті өндірумен қатар, борышкерлерді еңбекке тарту да маңызды. Тұрақты жұмысы мен табысы бар азаматтың өз міндеттемесін орындауына мүмкіндік жоғары.

Кеңес барысында құқық қорғау және уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын күшейту, ақпарат алмасуды жетілдіру және бірлескен рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу мәселелері пысықталды. Алимент төлеуден әдейі жалтарған тұлғаларды заңда көзделген жауапкершілікке тарту бойынша да нақты міндеттер айқындалды.

Жиын қорытындысында атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі ретінде алимент бойынша берешегі бар 40 борышкер жұмысқа орналастырылды. Бұл – профилактикалық шаралардың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді. Еңбекпен қамтылған азаматтардың тұрақты табысқа ие болуы алименттік міндеттемелерін орындауға және балалар алдындағы қарызын өтеуге мүмкіндік береді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың өз міндетін жауапкершілікпен орындауын талап етеді. Ал баланың құқығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті. Алиментті уақытылы төлеу арқылы ата-ана баласының болашағына деген жауапкершілігін көрсетеді. Сондықтан бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Алаяқтан сақтанбаса жер сипап қалу қаупі жоғары
Жеңіл табыстың соңы ауыр жауапкершілікке апарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу