Алаяқтан сақтанбаса жер сипап қалу қаупі жоғары

Oinet.kz 24-08-2026

Screenshot_10.jpg

Қазіргі таңда интернет пен цифрлық технологиялардың дамуы азаматтарға көптеген мүмкіндік бергенімен, алаяқтықтың жаңа тәсілдерінің пайда болуына да жол ашты. Әсіресе телефон арқылы жасалатын және интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттер тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіруде. Осыған байланысты құқық қорғау органдары қылмыстың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейтіп келеді.

Еңбекші ауданының прокуратурасы «Қаржы сақшысы» жобасы аясында тұрғындар арасында алаяқтық пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кезекті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында азаматтарға алаяқтардың қолданатын негізгі тәсілдері және күмәнді жағдайларда қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді.

Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері, полиция қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды психологиялық қысым арқылы асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Олар жеке мәліметтерді сұрап, банк шотындағы қаражатты басқа есепшотқа аударуды немесе түрлі операцияларды орындауды талап етуі мүмкін.

Осындай жағдайға тап болған кезде ең бастысы – сабыр сақтап, бейтаныс адамның нұсқауын орындамау. Азаматтарға банк картасының деректерін, құпия мәліметтерді және SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеу қажеттігі ескертілді. Банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері телефон арқылы мұндай құпия ақпаратты талап етпейтінін есте ұстаған жөн. Сонымен қатар тұрғындарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу және бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармау жөнінде кеңес берілді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламаларға да сақтықпен қарау қажет.

Қаржылық қауіпсіздіктің басты шарты – азаматтың қырағылығы. Алаяқтар адамның сенімін пайдаланып, асығыс шешім қабылдатуға тырысады. Сондықтан кез келген күмәнді жағдайда әңгімені тоқтатып, ақпаратты ұйымның ресми байланыс арналары арқылы тексерген дұрыс. «Қаржы сақшысы» жобасы аясындағы профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттырып, алаяқтық қылмыстардың алдын алу.

Рейдтік іс-шара жемісін бере бастады
Алимент – ата-аналық жауапкершіліктің көрінісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу