Еңбек – заң мен тәртіпке құрметті арттырады

Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарды еңбекпен қамту, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыру және қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау – құқықтық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Еңбекке тарту арқылы сотталғандардың жауапкершілігін арттыру, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және қайта қылмыс жасау тәуекелін төмендету – қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі.
Осы бағытта Мамандандырылған прокуратураның бастамасымен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №55 мекемесінде жаңа өндірістік алаңдар іске қосылып, кәсіпкерлермен бірлескен өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда мекемедегі еңбекке жарамды сотталғандардың басым бөлігі ақылы еңбекпен қамтылған. Атап айтқанда, «Швейный мир KDM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тігін өндірісін ұйымдастырса, жеке кәсіпкер Дециев жиһаз өндіру цехының жұмысын жолға қойған. Сонымен қатар «Мир парк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балалар ойын алаңдарын өндіру және орнату жобасын іске асыруда. Ал «Дана» жеке кәсіпкерлігі құс өсіру бағыты бойынша өндірістік жұмыстарды жүргізіп келеді.
«Заң мен тәртіп» жобасының басты мақсаты – заң үстемдігін нығайтып қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді тетіктерін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда сотталғандарды еңбекпен қамту олардың түзелуіне, адал еңбек арқылы табыс табуына және қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді. Еңбекке баулу адам бойында жауапкершілік, тәртіп және заңға құрмет сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырып, қайта қылмыс жасау деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Бұл – қауіпсіз қоғам құруға бағытталған кешенді жұмыстың маңызды бөлігі.
Жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалар сотталғандардың еңбек дағдыларын жетілдіруге, кәсіби тәжірибе жинақтауына және бостандыққа шыққаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына нақты мүмкіндік беруде. Мамандандырылған прокуратура алдағы уақытта да кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа өндірістік орындарды ашу және сотталғандарды еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.


