Экологиялық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызы зор

Oinet.kz 23-07-2026

Screenshot_8.jpg

Таза қоршаған орта – халықтың денсаулығы мен өмір сапасының маңызды кепілі. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласында жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың заң талаптарына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты Еңбекші ауданының прокуратурасы аудан аумағында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Рейд барысында бірқатар аумақтарда заңсыз орналастырылған тұрмыстық қатты қалдықтардың бар екені анықталып, олардың қоршаған ортаға және тұрғындардың санитарлық қауіпсіздігіне кері әсері сараланды. Анықталған заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің қатысуымен шұғыл шаралар қабылданды. Арнайы техникалар мен жұмысшылар жұмылдырылып, белгіленген аумақтарда тазалау және тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары толық көлемде жүргізілді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікпен қатар экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуде де ерекше маңызға ие. Қоршаған ортаны ластауға жол бермеу, белгіленбеген орындарға қоқыс төкпеу және санитарлық талаптарды сақтау – заң талаптарын орындаудың маңызды көрінісі. Экологиялық мәдениеті жоғары қоғамда тазалыққа деген жауапкершілік қалыптасып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті болып табылады.

Өткізілген рейд нәтижесінде анықталған заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, аумақтардың санитарлық жағдайы жақсарды. Мұндай профилактикалық шаралар экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұрғындардың құқықтық және экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ қала аумағының тазалығын сақтауға ықпал етеді. Еңбекші ауданының прокуратурасы алдағы уақытта да «Заң мен тәртіп» жобасы мен «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады. 

Заң сақтау – өзгелердің өміріне құрмет көрсету
Заң мен тәртіп қатаң сақталса даму болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу