Инвесторлардың құқығы заң шеңберінде қорғалады

Oinet.kz 28-07-2026

Screenshot_2.jpg

Инвестициялық жобаларды қолдау және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты Шымкент қаласы Абай ауданының прокуратурасы инвесторлардың заңмен қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қадағалау қызметінің нәтижесінде инвестициялық жобалардың кедергісіз жүзеге асуына ықпал етіліп, бизнестің тұрақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастырылуда.

Прокуратураның араласуымен «ДРЦ Туран» ЖШС мен «Turkestan Logistic» ЖШС жүзеге асырып жатқан қойма кешендерін салу жобалары бойынша туындаған жер учаскелерін пайдалану мерзімін ұзарту мәселесі оң шешімін тапты. Қадағалау актісінің нәтижесінде аталған инвестициялық жобалар прокурорлық сүйемелдеуге алынып, субаренда шарттарының мерзімі заң талаптарына сәйкес ұзартылды. Бұл қабылданған шешім құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуына жол бермей, жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуына мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты инвестициялық ахуалды жақсартуда да ерекше маңызға ие. Заң талаптарының бұлжытпай сақталуы, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарының сенімді қорғалуы – ел экономикасының тұрақты дамуының басты кепілі. Прокуратура органдарының міндеті – заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, инвестициялық жобалардың әкімшілік кедергілерсіз жүзеге асуына ықпал ету. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікке деген сенімді арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына және өңірдің экономикалық әлеуетінің нығаюына негіз қалайды.

Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 2,2 миллиард теңгеден асатын екі жобаның құрылысы үздіксіз жалғасуда. Қазіргі уақытта «ДРЦ Туран» жобасының дайындық деңгейі 80 пайызды, ал «Turkestan Logistic» жобасының орындалуы 70 пайызды құрайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік жасалды. Прокуратура органдары инвесторлар мен кәсіпкерлерді құқықтары бұзылған жағдайда +7 707 615 00 10 байланыс нөміріне немесе 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.

Танымал блогермен кездесу өтті
Жұмыспен қамтуда заң бұзуға жол берілмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу