Шымкентте полиция басшысы Сайрам елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі тиімді жауап беру. Бұл қағидат құқық қорғау саласында да жүйелі жүзеге асырылып, полиция мен тұрғындар арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған нақты қадамдарға негіз болып келеді.
Осы мақсатта Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев Қаратау ауданына қарасты Сайрам елді мекенінде тұрғындармен кезекті көшпелі кездесу өткізді. Ашық форматта өткен басқосудың негізгі мақсаты – халықты толғандырған мәселелерді жергілікті жерде тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру болды.
Кездесу барысында тұрғындар қоғамдық тәртіп, жол қозғалысының қауіпсіздігі, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтардың алдын алу және елді мекендегі қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты өз ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салды. Әрбір көтерілген мәселе мұқият тыңдалып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірілді.
Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары полиция қызметін жетілдірудегі маңызды фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайды, әрбір мәселе жауапты құрылымдық бөлімшелердің бақылауына алынып, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Бұл – халықтың сенімін ақтайтын әрі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыратын маңызды қағида.
Көшпелі кездесулердің басты ерекшелігі – тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей сала басшысына жеткізіп, нақты жауап алу мүмкіндігі. Мұндай ашық диалог өзара түсіністікті нығайтып қана қоймай, құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу арқылы қоғаммен тиімді байланыс орнатуды жалғастырып келеді. Өйткені қауіпсіз әрі тыныш қоғам құру – құқық қорғау органдары мен тұрғындардың өзара ынтымақтастығына негізделген ортақ міндет.


