Тұрғындардың өтініші ескеріліп, жол қауіпсіздігі күшейтілді

Oinet.kz 01-08-2026

Screenshot_7.jpg

Қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру – мемлекет жүргізіп отырған маңызды бағыттардың бірі. «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне жедел ден қоюға ерекше көңіл бөлінуде. 

Шымкент қаласының Ворошиловка шағынауданында тұрғындардың бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген жол қозғалысына қатысты мәселелері оң шешімін тапты. Бұған дейін аудан тұрғындары мен мешіт жамағаты көлік қозғалысының қарқындылығы салдарынан қауіпсіздік мәселесін бірнеше мәрте көтерген болатын. Әсіресе құлшылыққа келетін азаматтар мен жаяу жүргіншілер үшін жолдың қолайсыздығы алаңдаушылық туғызған.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы тұрғындармен өткізген кездесуде бұл мәселе ашық айтылып, жергілікті халық бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Азаматтар аталған көшеде біржақты қозғалыс ұйымдастыруды және көлік жылдамдығын төмендететін жол кедергілерін орнатуды сұраған еді.

Көп ұзамай тұрғындардың өтініші назарға алынып, тиісті мамандар жол қозғалысын зерделеп, қажетті өзгерістерді жүзеге асырды. Нәтижесінде көшеде біржақты қозғалыс белгіленіп, қауіпсіздікті арттыру мақсатында жол кедергілері орнатылды. Бұл шешім көлік қозғалысын реттеуге, кептелісті азайтуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік берді.

Жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өтініштердің қысқа мерзімде орындалғанын ерекше атап өтті.

«Біз көтерген мәселе назардан тыс қалмады. Мешітке келетін жамағаттың қауіпсіздігі үшін біржақты қозғалыс ұйымдастырылып, жол кедергілері орнатылды. Бұл – тұрғындардың пікіріне құлақ асудың және нақты істің көрінісі. Осы жұмыстарды жүзеге асырған полиция қызметкерлеріне және қолдау көрсеткен барлық жауапты азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз», – дейді аудан тұрғындары.

Осындай нақты нәтижелер «Қауіпсіз қоғам» жобасының басты мақсаты – халыққа қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Азаматтардың ұсыныстарын дер кезінде қарау, жол инфрақұрылымын жетілдіру және қауіпсіздік шараларын күшейту қоғамдық сенімді нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. 

Тұрғындардың алғысы – полиция жұмысының басты бағасы
Полиция сақтыққа шақырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу