Сайрамда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтіп, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестиция тарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтары екенін ерекше айтты.

Президент ауыл шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін өнімділікті арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және фермерлерді жан-жақты қолдау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін нақтылаған болатын. Осы стратегиялық міндеттер Сайрам ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Сайрам аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Пернебековтың мәліметінше, ауданның ауыл шаруашылығы саласында 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша барлық негізгі индикаторлар жоғары деңгейде орындалған.
2026 жылдың 4 айында Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 36,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 122,7 пайызға артып, 6,7 млрд теңгеге жоғарылаған. Айта кетсек, 2025 жылдың төрт айындағы көрсеткіш 29,5 млрд теңге болған. Нақты көлем индексі 98,0 пайызды құрады.
Жалпы өнім көлемінің ішінде өсімдік шаруашылығы 1,6 млрд теңгені немесе 100,7 пайызды, ал мал шаруашылығы 34,4 млрд теңгені немесе 97,9 пайызды құрады. Сайрам ауданының облыстағы ауыл шаруашылығы өніміндегі үлесі 17,5 пайызға жетіп отыр.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласына 25,0 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жылдың алғашқы төрт айында оның 4,0 млрд теңгесі игерілді.
Өсімдік шаруашылығында құрылымдық және технологиялық әртараптандыру жұмыстары жүйелі жалғасуда. Басым дақылдардың егістік алқаптарын кеңейту бағытында нақты шаралар қолға алынған.
2026 жылы аудан бойынша 52,2 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Сонымен қатар 0,6 мың гектар жер парға қалдырылған. Биыл егілген дақылдардың ішінде дәнді дақылдар 18,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде күздік бидай – 14,6 мың гектар, арпа – 3,6 мың гектар, дәндік жүгері – 0,2 мың гектар. Майлы дақылдар 10,7 мың гектарға, көпжылдық мал азықтық дақылдар 13,5 мың гектарға, картоп 3,7 мың гектарға, көкөніс 5,7 мың гектарға орналастырылған.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылға жоспарланған 180 техниканың бүгінгі таңда 55 данасы жаңартылып, жоспар 30,5 пайызға орындалды.
Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында 1420,8 тонна жанармай алуға 66 өтінім жолданды. Оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарына 35 агроқұрылымның 6,5 мың гектар егістік жеріне 945,6 тонна, ал күзгі жұмыстарға 31 агроқұрылымның 6,2 мың гектар егістік жеріне 475,2 тонна жанармай алуға өтінім берілді.
Сайрам ауданында мал шаруашылығы облыстағы жетекші салалардың бірі болып қалыптасқан. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша ауданда 269,2 мың бас ірі қара мал, 138,8 мың бас қой мен ешкі, 85,2 мың бас жылқы, сондай-ақ 175,7 мың бас құс тіркелген.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сойыс салмақтағы ет өндіру көлемі 106,1 пайызды құрап, 6,7 мың тоннаға жетті. Сүт өндіру көлемі 52,6 мың тонна болып, 94,4 пайызды, ал жұмыртқа өндірісі 5,2 млн данаға жетіп, 96,1 пайызды құрады.
2025 жылдың алғашқы төрт айында ауданнан барлығы 12,2 мың тонна ет экспортталды. Оның ішінде 3,2 мың тонна ірі қара мал еті, 9,0 мың тонна қой еті сыртқы нарыққа шығарылды.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де ауданның басты назарында. Сайрам ауданы аумағынан өтетін «Ақсу» және «Арыс» өзендері мен «Көлкент» көлі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бақылауында.
Қарамұрт ауылдық округін ағын сумен қамтамасыз ететін «Олжалы» және «Кент Балдыберек» каналдары Төлеби ауданының коммуналдық меншігіне қарайды.
Жалпы аудан аумағын 53 канал сумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 46 канал Сайрам ауданының коммуналдық меншігінде, 1 канал облыстық меншікке қарайды, ал 6 канал жеке меншікте.
Бұл каналдардың су көздері Ақсу және Арыс өзендерінен, сондай-ақ көлдер мен бұлақтардан бастау алады. Ақсу өзенінен су бөлетін Жоғарғы Ақсу және Орта Ақсу су бөгеттері 2022 жылдан бастап облыстық «Тұран су» МКК-ның қарауына өткен. Сонымен бірге Қарамұрт ауылындағы «Қыдыр» каналының басында аудандық коммуналдық меншіктегі бір су бөлу құрылымы орналасқан. Ал Арыс өзенінде су бөгеттері мен ірі су құрылыстары жоқ.
Климаттық өзгерістердің әсерінен Ақсу өзеніне таудан келетін су көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 35–40 пайызға азайған. Қажетті лимит 125,0 млн м³ болса, 2024 жылы алынған су көлемі 87,0 млн м³ болған.
Ауданда жалпы 27 каналды бетондау қажеттілігі анықталған. Оның ішінде 1 каналға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Сонымен қатар 7 каналдың мемлекеттік сараптамасы дайын. Күрделі жөндеу жұмыстарына Әсіл каналына – 1,6 млрд теңге, Бауарық каналына – 0,8 млрд теңге, Сай каналына – 3,2 млрд теңге, Аламан каналына – 2,98 млрд теңге, Теспе каналына – 3,4 млрд теңге, Төменгі Аққала каналына – 1,0 млрд теңге, Жоғарғы Аққала каналына – 0,3 млрд теңге, барлығы 13,4 млрд теңге қаржы қажет.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан аталған 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 13,4 млрд теңге қаржы бөлу мүмкіндігі қарастырылуда.
2024 жылы ұзындығы 4,9 шақырымды құрайтын «Ақбай Қарасу» каналы 527,7 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.
Қазіргі таңда Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі «Сары Арық» каналын күрделі жөндеуге 262,0 млн теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Президент тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқынды жүзеге асырылуда. Биыл ауданда 1107 гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілген. Оның ішінде 810 гектарға тамшылатып суару, 297 гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізіледі.
Қазіргі таңда ауылдық округтердегі 167 агроқұрылымнан жалпы 1009,57 гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу жоспары жинақталған. Оның ішінде 676,8 гектарға тамшылатып, 332,7 гектарға жаңбырлатып суару технологияларын енгізу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
С.АБЫЛБЕКОВА


