Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 2,2 есеге артты

Oinet.kz 18-06-2026

image.png

Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Соңғы сегіз жылда өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,2 есеге артып, 1,2 трлн теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2018 жылы бұл көрсеткіш 551,1 млрд теңгені құраған. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көшбасшы өңірлердің қатарында.

Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өсіп, 1 трлн теңгеге жуықтады. Бұл қаражат жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығы саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталуда.

Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 106 мың гектарға ұлғайды. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы 813,5 мың гектармен салыстырғанда айтарлықтай өсімді көрсетеді. Егіс алқаптарының кеңеюі азық-түлік өндірісін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасы өңірде белсенді жүзеге асырылуда. Бастапқыда биыл 27 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланғанымен, бұл көрсеткіш 50 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы алқап 164 мың гектарды құрап, 280 млн текше метрге жуық ағын суды үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру мақсатында өңірде ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Соның бірі – мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру жобасы. Жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 ірі жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұл бағытта «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында 11 зауыт салу жоспарланған, олардың 5-еуі бүгінде іске қосылды. Атап айтқанда, 2 мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын өндіру зауыты, ПВХ құбырлары өндірісі және жіп иіру фабрикасы жұмысын бастады. Сонымен қатар 52 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, мақта егілуде. Жоба аясында 1 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Алдағы 2026–2028 жылдар аралығында мақта кластері аясында тағы бірнеше ірі өндіріс орындары іске қосылады. Оның ішінде тоқыма фабрикасы, жіп өндіру кәсіпорындары және шитті мақтаны терең өңдеу зауыттары бар. Бұл өңірде толық өндірістік циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жүгері кластерін дамыту бағытында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт құрылысы аяқталды. Кәсіпорын крахмал, сірне, глюкоза, жүгері майы және құрама жем сияқты 20-дан астам өнім түрін өндіреді. Өнім ішкі нарықпен қатар, Азия және Еуропа елдеріне экспортталмақ.

Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын жылыжайлар жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы жалпы жылыжай көлемінің 72 пайызына тең. Өткен жылы жылыжайлардан 113 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналып, маусымаралық кезеңде ел сұранысының 45 пайызын қамтамасыз етті.

Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бағытында құны 534,2 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба іске асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 1 225 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық өнім көлемі қосымша 102 мың тоннаға артады деп күтілуде. Алдағы уақытта республика халқын маусымаралық кезеңде көкөніспен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ.

Соңғы жылдары жылыжай шаруашылықтары субтропикалық дақылдарды өсіруді де жолға қойды. 2025 жылы Түркістан облысында 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді. Бұл ауыл шаруашылығында жаңа бағыттардың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Мал шаруашылығы да облыс экономикасында маңызды орын алады. Бүгінде Түркістан облысы республикада мал басы бойынша жетекші өңірлердің бірі. Ұсақ малдың 20 пайызы, ірі қараның 13 пайызы, түйенің 14 пайызы, жылқының 10 пайызы және құс басының 5 пайызы осы өңірге тиесілі.

Сонымен қатар өңір республикадағы экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызын, қой етінің 75 пайызын қамтамасыз етеді. 2026 жылдың алғашқы айларында 4,2 мың тонна ірі қара еті және 9,4 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.

Ет кластерін дамыту бағытында 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда жылына 18 мың тонна ет және 90 мың тонна өңделген ет өнімдерін өндіру мүмкіндігі қалыптасады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және шағын бизнесті дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы да тиімді жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында 2023–2025 жылдар аралығында 30,2 млрд теңге бөлініп, биыл 1 115 жобаға 15,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру жоспарланған.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының табысын көбейтуге бағытталған. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру, инвестиция тарту және жоғары технологияларды енгізу жұмыстары жалғаса бермек.

Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері қаралды
Түркістанға 7,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу