Қытай капиталы Түркістанға: Уханьда маңызды келіссөздер өтті

Oinet.kz 11-06-2026

image.png

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ухань қаласында Қытайдың жетекші қаржы институттарының бірі саналатын Wuhan Financial Holdings (Group) компаниясының партия комитетінің хатшысы, директорлар кеңесінің төрағасы Мэй Линмен кездесті. Басқосуда екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өңірдегі перспективалы жобаларды қаржыландыру және Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық байланысты жаңа деңгейге көтеру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, өңірлік деңгейдегі экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін саралады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа сапалы кезеңге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет басшыларының бастамасымен қалыптасқан жоғары деңгейдегі саяси диалог өңіраралық ынтымақтастықтың да қарқынды дамуына жол ашып отыр.

Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, аймақтың еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін жеткізді. Бүгінде облыста индустриялық өндіріс, агроөнеркәсіп кешені, туризм және инфрақұрылым салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған бастамалар қолға алынған. Осыған байланысты қытайлық инвесторлар өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларға белсенді қатысуға шақырылды.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Түркістан облысындағы инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржы көздерімен қамтамасыз ету мәселесі болды. Осы мақсатта «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын негізгі қарыз алушы, облигация эмитенті немесе жобалық оператор ретінде пайдалану мүмкіндігі ұсынылды.

Өңірлік даму институты мәртебесіне ие «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инвестициялық жобаларды әзірлеу, қаржыландыруға қатысу, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және жобаларды толық сүйемелдеу жұмыстарын жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторлар үшін тиімді әрі сенімді әріптестік алаңын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Wuhan Financial Holdings (Group) компаниясының халықаралық қаржылық көрсеткіштері де таныстырылды. Бүгінде корпорацияның активтері 220 миллион АҚШ долларын құраса, меншікті капиталы 54 миллион АҚШ долларына жеткен. Сонымен қатар халықаралық S&P Global Ratings агенттігі компанияға «B/B» және ұлттық шкала бойынша «kzBB+» рейтингтерін беріп, болжамын «Тұрақты» деңгейінде бағалаған.

Тараптар қаржылық ынтымақтастықтың бірнеше тетігін талқылап, оларды іске асырудың нақты жолдарын қарастырды. Облыс әкімінің айтуынша, мұндай қаржылық құралдар Түркістан облысы үшін юань валютасымен қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Ал Wuhan Financial Holdings (Group) үшін Қазақстан мен Орталық Азия нарығына шығудың тиімді платформасына айналмақ.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында қаржыландыруды қажет ететін жобалардың нақты пулы жасақталған. Олардың қатарында агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіптік парктер, туризм индустриясы және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жобалар бар. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді қаржылық әріптестікті дамытуға және нақты инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар алдағы уақытта келіссөздерді жалғастырып, ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындау жөнінде уағдаласты.

Айта кетейік, Wuhan Financial Holdings (Group) – Хубэй провинциясындағы алғашқы тізімге енген ірі мемлекеттік қаржылық холдингтердің бірі. Компания банк, бағалы қағаздар, траст қызметтерімен қатар жартылай өткізгіштер өндірісі мен заманауи логистика салаларын қамтитын 20-дан астам лицензияға ие. Сондықтан аталған компаниямен орнатылған байланыс Түркістан облысына халықаралық инвестиция тартуға және өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жаңа серпін береді.

Жалпы, Түркістан облысы мен Wuhan Financial Holdings (Group) арасындағы басталған диалог Қазақстан мен Қытайдың өңіраралық ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа экономикалық жобалардың жүзеге асуына ықпал ететін маңызды қадам ретінде бағалануда.

Түркістан облысы мен қытайлық ірі компаниялар арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтер
Сайрам ауданында ПЭТ платформаларын өндіретін зауыт іске қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу