«Ауыл аманаты» бағдарламасы өндірістің өркендеуіне серпін берді

Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында жеке кәсіпкер Таджиддин Нурметов шеге шығару өндірісін жолға қойып, ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті дамытуға нақты үлес қосып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде ашылған өндіріс бүгінде жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп отырған табысты кәсіпке айналған.
Кәсіпкер бұл істі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында алған жеңілдетілген несие арқылы бастаған. Атап айтқанда, ол «Ырыс» микроқаржы ұйымынан жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 9 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, қаражатты өндіріс орнын жабдықтауға және заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға бағыттаған. Бұл өз кезегінде цехтың өндірістік қуатын арттырып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Ескі Иқан ауылындағы шағын цехта құрылыс саласында кеңінен қолданылатын шегенің 20-ға жуық түрі шығарылады. Өнімдер сапасының жоғары болуына байланысты жергілікті құрылыс компаниялары мен жеке тапсырыс берушілер тарапынан сұраныс тұрақты түрде артып отыр. Шығарылған өнім Түркістан облысының бірнеше аудандары мен қалаларына жөнелтіліп, ішкі нарық қажеттілігін өтеуде.
Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс жұмысы бастапқы кезеңде шағын көлемде басталғанымен, уақыт өте келе тұрақты табыс көзіне айналып, отбасылық бизнес деңгейіне дейін дамыған. Қазіргі таңда цех жұмысын ұйымдастыруға оның отбасы мүшелері, соның ішінде ұлдары да белсенді қатысып, кәсіптің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
Сұраныстың артуына байланысты кей кездері өндірістік қуат жеткіліксіз болып, барлық тапсырыстарды уақытында орындау қиындық тудыратын жағдайлар да кездеседі. Осыған байланысты кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша құрал-жабдықтар алуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар құрылыс компанияларымен және ірі тұтынушылармен ұзақ мерзімді әріптестік орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың дамуына серпін беріп отыр. Ескі Иқан ауылындағы бұл шағын өндіріс те сол бастаманың нақты нәтижелерінің бірі ретінде ауыл кәсіпкерлігінің табысты үлгісіне айналып отыр.
Жалпы алғанда, мұндай жобалар ауылдық жерлерде өндірісті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.


