Сапалы жолдар - қозғалыс қауіпсіздігі

“Қауіпсіз ел” ұлттық жобасы Қазақстанда қауіпсіздікті арттыруға және қылмысты азайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл жоба қоғамның барлық салаларында қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын құруды көздейді.Сондай-ақ жоба жол қауіпсіздігін сақтауды және жол инфрақұрылымын дамытуды, жақсартуды мақсат еткен.
Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту – тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне серпін беретін стратегиялық бағыттардың бірі. Сапалы жол – қауіпсіздік пен уақыт үнемі. Түркістан облысы үлкен географиялық аумақта орналасқан, ауылдар мен қалалардың арақашықтығы айтарлықтай. Жолдардың жақсаруы арқылы тұрғындар аудан орталықтарына, денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне, жұмыс орындарына тез әрі қауіпсіз жетуге мүмкіндік алады. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттырады. Бүгінде өңірде жоба аясында ауқымды шаралар атқарылып жатыр.
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға берілді.
Ауқымды жобалар биыл да жалғасын табуда. Айталық Түркістан қаласы аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 3,0 шақырым учаскесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында ескі асфальт жабындысы толықтай алынып, оның орнына заманауи талаптарға сәйкес қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон жабыны төселуде. Бұл жұмыстар жолдың сапасын арттырып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда нысанның 1 шақырым бөлігінде жолдың бір жақтама жүріс жолағында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қалған учаскелерде жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда.
Сондай-ақ Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын Б.Майлин көшесінде жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының орындалу көрсеткіші 30%-ды құрайды. Жоба аясында жол сапасын жақсарту, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында төрт жолақты асфальт жол, жаяу жүргіншілер жолы, веложолақ және жасыл белдеулер мен жол белгілері орнатылмақ.
Сонымен қатар қазіргі таңда қаладағы Ә.Жангелдин көшесінде ауқымды жол құрылысы жүргізілуде. Теміржол аумағындағы бұрынғы 2 жолақты жолдың орнына заманауи талаптарға сай 4 жолақты автомобиль жолы салынуда. Және де су ағызу науалары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол мен веложол құрылысы қатар жүргізілуде.
Жаңартылып жатқан жолдың жалпы ұндзыығы 600 метрді құрайды. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын сәуір айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.


