Төлеби: Инвесторларға инфестициялылық жобалар таныстырылды

Oinet.kz 23-11-2025 8

Screenshot_2.jpg

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Түркістан қаласында өткен «Turkistan investment and tourism forum  – 2025» халықаралық инвестициялық форумында шетелдік және отандық инвесторлармен бірқатар ресми кездесулер өткізді. Басқосуда ауданның инвестициялық әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы, туризм, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы жобалар талқыланды.

Еркеғали Амантайұлы өңірдің аграрлық мүмкіндіктері мен туризм әлеуетін таныстырып, инвесторларды ынтымақтастыққа шақырды. Кездесуге Қытайдың Хубэй, Юньнань, Шэньси және Хэнань провинцияларынан келген компания өкілдері қатысты. Олар ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс және энергетика саласында жобаларын ұсынды. Еркеғали Амантайұлы өз сөзінде Төлеби өңірінің аграрлық мүмкіндіктерін, туризмді дамытуға қолайлы табиғи аймақтарын, сондай-ақ өндірістік қуаттарды арттыруға бағытталған қолжетімді инфрақұрылымдық жағдайларды жан-жақты таныстырып, инвесторларды ынтымақтастыққа шақырды.

Кездесуде қытайдың ірі компания басшылары мен бизнес өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, алма бақтарын кеңейту, туризм нысандарын салу, құрылыс материалдарын шығару бағыттарында инвестициялық ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар су электр станциясын салу, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылшаруашылық саласында әріптестік орнату бойынша бірқатар бастамалар қарастырылды. Әкімдік тарапынан әр жоба жеке зерделеніп, қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

Төлеби ауданы әкімімен «Чжуньюй үй жануарлары азығы компаниясы» ЖШС басшысы Лю Чэнъин, Yunxia Electric Power жаңа энергетика жөніндегі директоры Чжун Тинг, Хубэй провинциясы, Ухань қаласының өкілдері – Чэнь Вэйхуа және Чен Гуансуо, Yunxia Electric Energy (Yunnan) Co., Ltd. даму және инвестиция бөлімінің басшысы, Шэньси өңіріндегі Сянъян алма бағының иесі Ши Сяодун, Ханья Холдинг компаниясының өкілі Хуан Цзычжэн, Хэнань Су құрылысы тобы ЖШС атқарушы президенті Ши Цинфу, Жишун Логистика өкілі Ян Го Юн, «Бачжоу Йонгхуэй қонақүйі» ЖШС бас директоры Чжу Хун, Лэшань Тяньцюн Дайнамикс компаниясы бас директорының орынбасары Фан Гоюань, Шаньдун Камоя ақылды туризм технологиялары ЖШС-нің маркетинг директоры Ли Сян пікір алмасып, жоғарыда аталған жобаларды бірге талқылаған болатын.

Атап өтерлігі, бұл кездесу Төлеби ауданында жаңа өндіріс орындарын ашуға, энергия көздерін әртараптандыруға, туризмді дамытудың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналды.

Сондай-ақ Еркеғали Амантайұлы өткен форумның маңыздылығын атап өтіп, Төлеби ауданы инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы өңір екенін жеткізді. «Төлеби ауданы – табиғаты бай, кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Инвесторларға қолдау көрсету, жаңа өндіріс орындарын ашу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деді аудан әкімі.

Аудан әкімдігі шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, өңір экономикасына тың серпін беретін жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді.

Осы кездесуден кейін форумға қатысқан инвесторлық делегация Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өндіріс орындары мен құрылыс нысандарын аралады. Сапар барысында нысандарды Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Қайратұлы таныстырып, ауданның экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері және жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Делегация Киелітас ауылдық округінде жоспарланған жалпы аумағы 14,5 гектарды құрайтын өндірістік парк жобасымен танысты. Аталған парк өңірге жаңа өндіріс орындарын тартып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, делегация мүшелері битум өнімдерін өндіретін «QazaqBitum Processing» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және құс шаруашылығымен айналысатын «Ленгір құс» жауапкершілігі серіктестігі жұмысын көрді.

Сонымен қатар Ленгір қаласындағы 27 гектар аумақта салынуы жоспарланған 57 көпқабатты тұрғын үйге арналған жер телімін аралап шықты. Бұған қоса, Қапал батыр көшесінде құрылысы аяқталуға жақын тұрған 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс барысы таныстырылды. Киелітас ауылдық округіндегі «Fish House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ЖШС-нің балық шаруашылығына барып, кәсіпорынның өндіріс көлемі мен даму перспективасына көңіл бөлді. TIITF-2025 форумы аясында ұйымдастырылған бұл сапар Төлеби ауданының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа жобаларды таныстыруға және шетелдік инвесторлармен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды шара болды.

Инвесторлар Сайрам мен Түлкібас аудандарына инвестиция салуға ниет танытты
Сауран: Сауандықтар Саурандықтармен тәжірибе алмасты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу