Сарыағаш: Құрылыс жұмыстары талапқа сәйкес жүргізілуде

Oinet.kz 18-11-2025 6

_gluster_2025_11_21_15e8f2601e008c9fc09726cec155ba35_1280x720.JPG

Сарыағаш ауданында инвесторларды қызықтырған жобалар көп. Аудан әкімі Арман Абдуллаев инвесторлармен кездесу барысында кәсіпкерлерге баламалы энергия көздері саласындағы инновациялық жоба – күн электр станциясын салу жобасын таныстырылды. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгені құрайды. Ал стансаның қуатты 3 мегаватт.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттердің бірі» деп атап көрсетті. Осы мақсатта бүгінгі күні ауданда маңызды жобалар іске асырылуда. Соның бірі осы күн электр станциясы.  

Ауданға инвесторларды тарту жаңа нысандардың ашылуына, аудан бюджетінің ұлғаюына және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орындарының ашылуы арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуге де мүмкіндік туады, – дейді аудан басшысы.

Ауданға инвесторларды тарту мақсатында Сарыағаш қаласының кіре берісінде жаңа «Өндірістік парк» жобасының құрылысы басталып кеткен. Бүгінде 6,5 гектар аумақта іргетас қаланып, жер тегістеу және инфрақұрылымға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды. Өндірістік ғимараттардың құрылысына кәсіпкерлердің белсенді қатысуы жоспарланып отыр. Жобаның орындалуын бақылау аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелді.

Жалпы «Өндірістік парк» жобасы – аудандағы шағын және орта бизнесті дамытуға, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында түрлі бағыттағы өндіріс орындары орналастырылып, кәсіпкерлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған дайын алаңдар ұсынылатын болады. Сонымен қатар, аудан әкімі Сіргелі елді мекенінінің Қызқұдық  көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзіміне ерекше назар аударды. Мердігер мекемеге нақты тапсырмалар беріліп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне техникалық қадағалауды күшейту тапсырылды. Қазіргі таңда, Сіргелі елді мекенінің бірқатар көшелерінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды «Bairkym Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде, ал оның тапсырыс берушісі Сарыағаш аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.  

Аудан әкімі апта сайын аудандағы құрылыс нысандарын аралап, олардың жұмысымен жіті танысып отырады. Кеше Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінде жүргізіліп жатқан таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын аралап, нысандағы ахуалды бақылады. Құрылыс барысын бақылаған аудан басшысы нысанға жұмыс жоспарына сәйкес екі апта сайын арнайы барып, орындалу сапасын тұрақты назарда ұстайтынын жеткізді. Сондай-ақ, мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырса, тиісті бөлім мамандарына құрылыс барысын жіті қадағалауды жүктеді.

Таза ауыз су жүйесінің құрылысы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып, жұмыстар қарқынды түрде атқарылуда. Ұзындығы 13 шақырымды құрайтын таза ауыз су құбырлары тартылып, негізгі құрылыс кезеңдері жоспарға сай орындалуда. Жоба толық аяқталған соң, Алғабас елді мекеніндегі 540 тұрғын үй таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.  Құрылыс  жұмыстарын «Корпорация Силур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.

Сондай-ақ аудан әкімі Сарыағаш қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің де құрылыс барысымен танысты. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында бүгінгі таңда Сарыағаш қаласы аумағында үш қабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Арман Абдуллаев құрылыс алаңына барып, нысандағы жұмыс барысымен танысып, тиісті тапсырмалар берді. Аудан басшысы құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне тұрғын үйлердің аудан халқының игілігіне арналатынын атап өтіп, жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды міндеттеді.

 

Жоба кәсіпкерлердің жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарының мердігері — «SERVICEKZ010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінде нысанда бірқатар жұмыстар аяқталған. Атап айтқанда: жер қазу жұмыстары толық тәмамдалып, іргетасы құйылған. Сонымен қатар, кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп, нысанның шатыры жабылып,терезелер орнатылған. Ішкі сылақ жұмыстары және ифрақұрылым  жүйелерін орнату толық орындалған. Қазіргі таңда, құрылыс алаңында 40 жұмысшы еңбек етуде. Нысанда ішкі әрлеу жұмыстары мен ішкі есіктерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысында 34 медициналық нысан жыл соңына дейін тапсырылады
Созақ: Өңірде жүзеге асырылған жаңа жобалар көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу