Сарыағаш: Қалада 14 спорт алаңы салынуда

Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары аудан әкімінің тұрақты бақылауында. Жалпы аудан әкімі Арман Абдуллаевтың халықпен кездесуі барысында тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер негізінде Сарыағаш қаласы аумағында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы басталып кетті. Атап айтқанда бұл нысандарды салуға аудан бюджетінен қаржы бөлініп, Сарыағаш қаласында жалпы 14 балалар ойын және спорт алаңшасын салу жоспарланған.
Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы Қызылорда көшесінде бой көтерген спорт және ойын алаңшасының құрылыс сапасымен танысты. Бұған дейінгі бақылау барысында айтылған ескертпелердің орындалуы және құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес аяқталуы міндеттелді.
Сарыағаш қаласының әкімі А.Ешанқұлға нысандардың құрылысы мен сапасын тұрақты бақылауда ұстау, жұмыстардың жобалық талаптарға сай жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, пайдалануға берілетін нысандарды уақтылы қабылдап алу, аумақтың санитарлық тазалығын ұйымдастыру және көше тұрғындарын бекітілген кестеге сәйкес ойын алаңдарын тиімді пайдалануға жұмылдыру жүктелді.
Жаңадан салынған ойын және спорт алаңшасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың дене шынықтырумен айналысуына, белсенді әрі қауіпсіз демалуына барлық жағдай жасалған. Алаңшада сырғанақ, әткеншек, спорттық жаттығу құралдары және жарықтандыру жүйесі орнатылған. Құрылыс жұмыстары «Енерго ВЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілуде. Аудан әкімі сондай-ақ Қабланбек ауылдық округіне қарасты Сіргелі елді мекеніндегі Қызқұдық көшесіне жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысын бақылады. Жұмыстардың сапасына және мерзімінің сақталуына қатысты мердігер мекемеге қатаң ескертулер берілді.
Қазіргі таңда, Сіргелі елді мекенінің Қызқұдық, Есқұлов және Д. Спанов көшелерінде асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын мердігер «Bairkym Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындауда. Тапсырыс беруші – Сарыағаш аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Сонымен қатар, Қызқұдық көшесіне 1700 метр суағар, 985 метр ұзындықтағы аяқжол салынып, 22 екіжақты түнгі жарық шамдары орнатылды.


