Түлкібас: Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда

Oinet.kz 07-11-2025 4

ZHaryktandyru-e1728457018146.jpeg

Түлкібас ауданында республикалық, облыстық және аудандық бюджет есебінен атқарылған жұмыстар өңірдегі инфрақұрылым саласының өркендеуіне айтарлықтай әсерін тигізген. Мәселен, ауданда жыл басынан бері 26 ішкі көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілген. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ішкі жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 89 пайыздан асып отыр.

Сонымен қатар, Рысқұлов ауылдық округіндегі Азаттық ауылының Байысбаев, Сейфуллин, Ақмешіт және Тұрсынбеков көшелерінде көше жарықшамдары орнатылуда. Бұл жұмыстар толық аяқталған соң, ауылдық округтегі ішкі көшелер 100 пайыз жарықшамдармен қамтылмақ.  Сондай-ақ,  Азаттық ауылында жеке инвестор есебінен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан медициналық нысан биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жоғарыда аталған жұмыстар Ақбиік ауылдық округінде де атқарылуда. Атап айтқанда оның ішінде округке қарасты Құлан ауылы да бар. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аталған ауылдың Жастар, М.Әуезов, Достық, Бейбітшілік және Атамекен көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, округтің үш елді мекенің жалғап тұрған «Сарытөр-Құлан-Тұрар Рысқұов» бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолы толық жөндеуден өтіп, ауылішілік жерлеріне жаяу жүргінші жолы салынды. Бұдан бөлек, окург аумағындағы тозығы жеткен электр желісін жаңарту мақсатында Құлан ауылы Еңбек, Болашақ, Атамекен көшелеріне электр сымдары тартылса, Ақбиік ауылы, Ақниет көшесіне темір-бетон бағаналары орнатылып, түнгі жарықшамдар жөндеуден өтті. Сондай-ақ, округ аумағындағы шаруалардың өтінішіне сәйкес мал тоғытатын орын жөндеуден өткізілді.

Бұл жұмыстар аудан әкімі Асқар Естібаевтың Ақбиік ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде айтылды. Аудан басшысының баяндамасынан соң, басым бөлігі сұрақ-жауап форматында ұласқан жиында округке қарасты Құлан, Сарытөр және Ақбиік ауылдарынан келген ел ағалары елді-мекендегі өзекті мәселелерді аудан басшысына жеткізіп, қанағаттанарлықтай жауаптарын алды.

Келесі кездесу Рысқұлов ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан әкімі Асқар Естібаев бекітілген кестеге сәйкес тұрғындар алдында 2025 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Жиын барысында округтегі бірқатар инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік нысандардың жай-күйі баяндалып, тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Атап айтқанда, Жол картасы аясында Азаттық ауылының Байысбаев, Сейфуллин, Ақмешіт және Тұрсынбеков көшелерінде көше жарық шамдары орнатылып жатыр.

Одан бөлек, округте жеке инвестор есебінен Азаттық ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай салынған медициналық нысан биылғы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, таза ауызсу жүйесін жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Азаттық ауылындағы су ұңғымасын ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, елді мекенге тартылған құбыр жүйесіне зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Шұқырбұлақ-2,3 елді мекендерінде ұңғыма қазу, су мұнарасы мен трансформатор орнату жұмыстары толығымен аяқталған.

Сондай-ақ аудан әкімі Асқар Естібаев Тастұмсық ауылдық округіндегі есептік кездесуде, ауыл қарияларын, ауыл жанашырларын, белсенділерді, және жастарды ауыл әкімімен бірлесіп, ауылды дамыту жолында аянбай еңбек етуге шақырып, тазалық жұмыстарына қолдау білдіріп, санитарлық мәдениетті арттыруға үлес қосуды сұранды. Сонымен қатар, маңызды басқосуда аудан басшысы тарапынан аймақтың даму бағыттары мен алдағы жоспарлар айтылып, тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстары тыңдалды.

Округ тұрғындарының өтініш-ұсыныстарына сәйкес, жыл басынан бері округ аумағында біраз жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, Тастұмсық ауылы, Самал, Бірлік көшелері, Амангелді ауылы, Жамбыл, Есентаев көшелері, Жыланды ауылы, Шапағат және Ақтоғай көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, Жыланды ауылы, Достық көшесіне электр желілері тартылды. Бұдан бөлек, Дүйсенбаев және Бибалаев көшелеріне ирригациялық лоток орнату жұмыстары жүргізілуде, ал Арыс өзенінің жағалауын бекіту және арнасын нығайту жұмыстарына қаржы бөлініп, қазіргі таңда мердігерді анықтау мақсатында конкурс жарияланған.

Округтің әр елді мекенінен жиналған тұрғындар білім саласы мен коммуналдық қызметтерге қатысты өтініш-ұсыныстарын аудан әкіміне жеткізіп, айтылған әр мәселе назарға алынып, жиын хаттамасына түзілді.

Ал аудан әкімі Асқар Естібаев бұл күнге жоспарланған халық алдындағы есептік кездесуін Майтөбе ауылында түйіндеді. Кездесу барысында аудан басшысы округ кесіндісінде ағымдағы жылдың 9-ай қорытындысымен атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындар тарапынан түскен өтініштер негізінде келесі жылғы жұмыс жоспарымен бөлісті.

Әкімнің айтуынша, биылғы жылы округ аумағында біраз жұмыс атқарылған. Атап айтсақ, Майтөбе аулының орталық стадионы толық жөндеуден өтсе, су құбыры желілерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған. Ал Таусағыз ауылы, Сағыныш, Жандосов және Бәйшешек көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Майтөбе ауылының Б.Момышұлы, Панфилов көшелері, Таусағыз ауылының Аубакиров көшесі және Көксағыз ауылының Жарасым көшесінің жарықтандыру жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Таусағыз ауылы, Бәйшешек көшесінің электр бағаналары жаңартылған.    

Бұдан кейін маңызды жиын сұрақ-жауап форматында жалғасып, ауыл белсенділері мен ақсақалдары және жастары ауыл тұрғындары атынан ұсыныс-өтініштерін білдірді. Әр көтерілген мәселені аудан әкімі түртіп алып, жауаптыларға сол жерде нақты тапсырмалар жүктеп, алдағы жұмыс жоспарына алынды. Соңғы есепті кездесуде тұрғындар аудан әкіміне ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар үшін жоғары баға беріп, алғыстарын білдірді. Инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, ауызсу және абаттандыру бағыттарында жасалған нақты істерге халық оң бағасын берді.

Кездесу барысында тұрғындар аудан басшысына өз алғыстарын білдіре отырып, округ аумағындағы шешімін күткен инфрақұрылымдық мәселелерді де ортаға салды. Барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, алдағы жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Жоғарыда аталған ауылдық округтердегі жиыннан соң, Асқар Сұлтанұлы жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдап, мәселелерін тыңдап, көтерілген мәселе хаттамаға енгізілді.

Түркістанда егіс алқаптарына су жеткізуді жақсарту мақсатында каналдарды жаңғырту басталды
Ордабасы: Бөржар ауылдық округінің бюджеті 209,8 миллион теңге жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу